Жыл сайын дәстүр бойынша ұйымдастырылатын аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінде өтті. Мерекелік шараға аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан аудандағы тоғыз мектептің 100 оқушысы қатысты.
Балалардың қуанышына аудан әкімі Ринат Ибрагимов ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, биылғы «Балалар жылы» аясында олар үшін барлық жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.
«Баршаңызды жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бұл өмірде сіздердің жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыластарыңызбен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ. Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірлерінде өздеріңіздей өнегелі балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналып, мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Сондықтан да, осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін.
Ендеше, келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын!»,- деді аудан әкімі өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол бүлдіршіндерге мерекелік сыйлықтар табыстап, думанның қызықты өтуіне бірге атсалысты. Оқушылар аудан әкімі, білім бөлімінің басшысы және мектеп директорларымен бірге түрлі ойыншықтар мен шамдар ілінген шыршаны айнала жүріп, мереке көркін қыздырды.
Жоғары деңгейде өткен кеште ғажайыпқа толы қойылымдар қойылып, мерекелік думанды жандандыра түсті. Балаларға кеңінен таныс ертегі кейіпкерлері, жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар шырша қуанышын бірге бөлісіп, балаларға әртүрлі ойындар ұйымдастырды. Одан бөлек, балғын балақайлар өз өнерлерін көрсетіп, Аяз атаның сыйлығына кенелді.
Сондай-ақ, мерекелік шара соңында барлық бүлдіршіндерге аудан әкімінің атынан тәтті толы қоржындар үлестірілді. Ескі барыс жылын ризашылықпен шығарып салған балақайлар жыл басы – қоян жылын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ертегі желісіндегі мән мен ән, талғам мен сән де әдеттегі қойылымдардан өзгешеленген бұл думан көптің көңіліне ұмытылмастай әсер қалдырды.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі