Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жыл - жұмысшылар жылы деп жариялады. Сонымен қатар, техникалық және кәсіби білім беру жүйесіне реформа керектігін айтты.
Президенттің айтуынша, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады.
Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Азамат Мәмбетов аппарат басшысы, Доссор кентіндегі «Мұнай және газ колледжінің» директоры және аудандық білім бөлімінің басшысымен бірге Карабатан станциясында орналасқан “Edil - Oral.kz” компаниясына іс-сапармен барды.
Іс-сапардың басты мақсаты - Доссор кентіндегі «Мұнай және газ колледжінде” жақсы маман иелерін дайындау мақсатында халықаралық сертификаттау, оларды жұмысқа орналастыру болып табылды.
Сапар барысында алдымен компания өкілдері материалдық-техникалық базасымен егжей-тегжейлі таныстырып, электромонтаждаушы, электрослесарь, КИПиА слесары және механик мамандықтарын даярлайтын колледж студенттерінің біліктілігін арттыру үшін өздерінің білім беру бағдарламаларын түсіндіріп өтті.
Жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Азамат Саматұлы іс сапар соңында аталмыш компания өкілдерін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Ә.ҚАСЫМ