Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жолдың кей бөлігіне қиыршық тас төселіп жатыр.
Бұл жолды қайта жаңғырту жобасы 6 бөлікке бөлінген. Оның 833-853 шақырымдық учаскесі 2020 жылы пайдалануға берілген. «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахан)» дәлізі бойынша барлық жұмысты 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Қуаныш Шортабаевтың мәліметінше, аталған жолдың 100 шақырымнан астам бөлігіне тексеру жүргізілген. Аталған жолдың 648-693 шақырымы аралығында «Тодини Конструкцион Дженерали СПА» АҚ, ал, 693-753 шақырымын «АНТ Иншаат Маден Санайи А.Ш.» АҚ-ның филиалы қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Жақын күндері жолдың екі бөлігінің 10 шақырымына қара қиыршықтас төсеу басталады. Қазір мұндай тас 1 шақырымнан астам жолға төселді. Бұдан кейін жолдың беткі қабатына асфальт және қиыршықтасты мастикалық асфальтты бетон жабындысы салынады. Бұл жолды жөндеу жұмыстары тұралап қалғаны белгілі. Сондықтан жолдың кейбір бөлігіне қара қиыршықтас төсеу көзделді. Жолдың кейбір бөліктерінде топырақ төселіп жатыр. Тексеріс кезінде айтарлықтай кемшілік анықталған жоқ. Бірақ, айналма жолдарға шаң көтерілмес үшін уақытылы су шашып тұру бойынша ескерту берілді», - дейді Қуаныш Шортабаев.