Маусым 4 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Иманғалиев мәлімдеді.
«Аң аулауға 18 жастан жоғары және мылтықты қолдану мен сақтауға рұқсаты барлар ғана шыға алады. Ал, Атырау облыстық аң аулаушылар мен балық аулаушылар қауымдастығы оларға жануарлар дүниесін пайдалануға жолдама беруі керек. Бүгінде Жылыой, Исатай, Құрманғазы, Махамбет, Индер және Қызылқоға аудандарында орналасқан алты аң аулау шаруашылығы бар. Тәулік бойы жануарлар дүниесін 11 адам қорғап жүреді. Бұл өте аз. Сондықтан алдағы уақытта олардың қатарын көбейту мәселесі қаралуда» дейді спикер.
Атырауда көп ауланатын аңдардың қатарында қабан, түлкі, қоян және жабайы құстар бар.
Мылтық аң атқанда ғана іске қосылуы керек, басқа уақытта қаруды оқтауға қатаң тыйым салынады.
Сондай-ақ, алкогольді ішімдік ішкен күйде аң аулауға және қоршаған ортаны қоқыспен толтыруға қатаң тыйым бар. Осы айтылғандар ескерілмеген жағдайда, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.