Атырауда жол ережесін өрескел бұзған КамАЗ жүргізушісі 9 жылға куәлігінен айырылып, 20 күнге қамалды. Бұдан бұрын әлеуметтік желіде «Атырау-Доссор» бағытындағы жолда КамАЗ жүргізушісінің жол ережесін бұзып, апаттық жағдай туғызғаны туралы видео тараған еді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, видео 16 тамызда түсірілген.
«КамАЗ көлігінің жүргізушісі Атырау қаласынан Доссор кентіне бағыт алған. Оны Мақат аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторлары Доссор кентіндегі жанармай бекеті жанында тоқтатты. Көлікті 1986 жылы туған туған азамат басқарғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 3 бөлігімен және 595-бабының 5-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жолда жүру ережесін бұзған жүргізуші Мақат аудандық сотының 17 тамыздағы шешімімен 9 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мас күйде рульге отырған 2 әйел жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.