Ата жолын жалғаған Қуаныш

(0 Votes)

Тіршілікте бағы жанып, абыройы еселенгендердің барлығы да қажырлы еңбекпен биікке жеткен адамдар деп айтуға болады. Сондықтан, елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік екендігі анық.

Бүгінгі мақалаға арқау болған кейіпкеріміз де жастайынан еңбекке ерте аралысып, сол жолда өзіндік ізін қалыптастырып үлгерген еңбек адамы Қуаныш Бекпенбетов. Ол «Жетістік – еңбек еткенге иіледі» деген ұстанымды берік ұстанып, бүгінгі таңда теміржол саласында абыройлы қызмет етіп келеді.

Таудай талабы мен еңбегінің арқасында көркейіп, бүгінде Доссор станса басшысы қызметін атқарып жүрген Қуаныш Еділбайұлы 1996 жылы 10 тамызда Мақат кентінде теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Атырау облыстық дарынды балаларға арналған Ұлттық гимназиясында білім алған ол мектепті үздік бітіріп, өзі армандаған Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының «тасымалдауды ұйымдастыру және басқару/логистика» бөліміне оқуға түседі. 2017 жылы оқуды жақсы нәтижемен аяқтап, өз туған өлкесіне жұмысқа жолдама алған Қуаныш «кіндік қаның тамған жерге маңдай терің де тамуы керек» деген ұстанымда.

«Ең алғаш еңбек жолымды 21 жасымда Тұманды бекетінің станса кезекшісі қызметінен бастадым. Жалпы, бұл салаға келуіме себепкер болған атам Жайықбай мен әкем Еділбай. Атам ұзақ жылдар бойы болаттай төзімділікті қажет ететін теміржол саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан болатын. Әкем қазіргі уақытта тепловоз машинисі қызметін абыроймен атқарып келеді. Ал анам Роза Шәкірқызы балабақшада тәрбиеші болып қызмет жасайды. Өзімнен кейін, үш қарындасым бар. Барлығымызды ата-анам еңбекке баулып өсірді. Сондықтан еңбек қашан да ерді еңсесін жоғары көтеріп, абыройға бөлейтінін көріп өскен мен атам мен әкемнің ізін жалғап, туған жерімде қызмет етіп келемін. Себебі, әр азаматтың туған жеріне адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуі перзенттік парызы деп санаймын. Сондықтан мен үшін туған жерге қызмет ету – үлкен мәртебе», - дейді кейіпкеріміз Қуаныш.

Экономиканың күре тамыры саналатын теміржол саласының өзіне тән қиындығы жетерлік. Себебі, бұл сала – шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді.

«Әр саланың өзіне тән қиындығы мен қызығы болатыны анық. Біздің басты міндетіміз – пойыз қозғалысын ұйымдастыру және оны басқару, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал бұған үлкен жауапкершілік керек. Негізінде, жұмысты бар ниетіңмен атқарсаң, оның қиындығы да байқалмай қалады. Тек еңбекке деген құлшыныс болса жеткілікті», - дейді кейіпкеріміз.

Еңбекке етене араласып, жас та болса бас болып жүрген Қуаныш бүгінде қызмет бабында көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген. Атап айтқанда, биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы ұйымдастырған «100 жас есім» жобасының жеңімпазы атанған. Бұл жоба компанияның жастар саясаты аясында жас дарынды қызметкерлерді дамытуға бағытталған бастама. Осы тұста кейіпкеріміз үздік жүздіктің пулына енген жеңімпаздар оперативті кадр қоры әрі компаниядағы агенттерді алмастырушы болып табылатындығын айтады. Сонымен қатар ол осы жылы «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС бас директордың міндетін атқарушы М.Көкрекбаевтан «Құрмет грамотасына» ие болған.

Аталмыш салада мол тәжірибе жинақтап, үлкен жетісікке қол жеткізіп жүрген Қуаныш әке мен ата ізін жалғастырып, бұл жолды таңдағанына еш өкінбейтіндігін жеткізді. Себебі олардан дарыған еңбексүйгіштік қасиет оны биік шыңдарға жетелеп келеді. Сондықтан да оның жауапкершілігі мол қызметте еңбегі ескеріліп, қызмет мәртебесі үнемі сатылап өсуде.

Еңбек күні қарсаңында кейіпкеріміз өз ізгі-тілегін білдіріп, еңбек адамдарын мерекемен құттықтады. «Әрбір адам адал жолмен еңбек етіп, маңдай терін төксе ғана еңбегінің жемісін көре алады. «Еңбек адамның көркі» демекші адам бір орында тұрақтап қалмай, үнемі ізденіс үстінде болуы керек деп ойлаймын. Осы тұста барша еңбек етіп жүрген жандарды еңбек күнімен құттықтаймын! Еңбекте табысты болып, еңбектеріңіз жана берсін!» - дейді ол.

Иә, әке жолын жалғап, өз ұжымымен бірге жетістіктер қатарын молайтып, өзіндік ізін қалыптастырған Қуаныштың ізденімпаздылығы – бүгінде көп жастарға үлгі болары анық. Себебі, оның экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласының дамуына қосып жүрген үлесі зор.

#EnbekEri

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521