Ата жолын қуған әулет

(0 Votes)

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Ұлдың үлгі тұтары – әке болса, қыздың бой түзері – ана. Сондықтан ата-анадан балаға қанмен келетін қасиеттерден бөлек әдет пен дағды, кейде қызығушылақтар бойларына дариды. Тура мағынасында ата жолын қуып кішкентайдан қызығып өскен мамандықтың иесі атанады. 

Еліміздегі еңбекшілер династиялары мен өндіріс жұмыскерлері арасында жыл сайын өткізілетін «Еңбек жолы» конкурсының облыстық кезеңіндегі «Үздік еңбек әулеті» номинациясын ауданымыздағы Мырзағалиевтер әулеті жеңіп алған еді. Аудан, облыс әкімдігі тарапынан марапаттарға ие болған әулет туралы газетіміздің бетінде де жазуды жөн көрдік.

Еліміздің көптеген жетістіктерге жету жолында теміржолшылардың еңбегі ерекше. 130 жылдан астам тарихы бар Қазақстанның темір жолы Орал тар табанды темір жол телімінің құрылысы аяқталғаннан бастау алады. 1936-1944 жылдары соғылған, Ембінің мұнай кәсіпшілігін Оралмен байланыстырған, Ресейдің бірқатар аймақтарының арасындағы қатынасты жақсартқан Гурьев-Қандыағаш-Орскі магистралі өзінің стратегиялық маңыздылығын Ұлы Отан соғысы кезінде дәлелдеген болатын. Ал 1960 жылы шөлді өлкенің дамуына себепші болған Мақат-Маңғышылақ телімі ауданымыздағы темір жол саласының дамуына зор серпін берген еді. Содан бері Мақат кенті тоғыз жолдың торабына айналды.

Теміржолшы Мырзағалиевтер династиясының негізін қалаған деп Қабдол Мырзағалиевті айтуға болады. Қазіргі Қызылқоға ауданының Саркөл ауылында 1898 жылы дүниеге келген ол, бұл саладағы еңбек жолын 1936 жылы Гурьев-Қандыағаш темір жолының құрылысынан бастайды. 1947 жылдан бері қарай Бекбике, №21 бекеттерінде станса кезекшісі болып қызмет атқарып, 1958 жылы зейнетке қалады.

Қабдол Мырзағалиевтің ұлы Жексенбайдың жол жөндеуші болып басталған еңбек жолы 35 жылға созылады. Ол адал еңбегі үшін «Ударник коммунистического труда» және үш мәрте «Победитель соцсоревнования» төсбелгісіне ие болған. Жексенбайдың інісі Сисенбай Қабдолов та зейнетке қалар тұсында жол шебері қызметіне дейін жетіп, 47 жыл ғұмырын темір жолға арнайды. Сонымен қатар Жексенбайдың жолдасы Ақдеш Мырзағалиева біршама жыл темір жол айналасында электромонтер боп жұмыс жасаған.

Олардан бергі Қабдол қарттың ұрпақтарын тізетін болсақ немерелері Тұяқбай Мергенов, Ұлмекен Мырзағалиева, Өтеген Мырзағалиев, Жалғасбай Мырзағалиев, Жәрдем Мырзағалиев, Бауыржан Қабдолов, Жанбике Қабдолова, Бағытжан Қабдолов, Мұханбетжан Қабдолов, Нұрмұханбетжан Қабдолов, немере келіні Гүлмира Оразова, шөберелері Ерлан Жексенбаев, Жұмабек Мырзағалиев, Қожабек Мергенов, Сәуірбай Жексенбаев, Медет Жексенбаев, Сағынжан Сисенбай және жиендері Қалыбек және Ақылбек Кәрімовтер темір жол саласында еңбек етіп келеді.

«Біздің әулетіміздің еңбек жолы, өмір сүру мақсаты осы темір жолмен сабақтас, себебі ата-баба, әке-ана, аға-інілеріміз осы жұмысты таңдады. Қазіргі таңда ағайынды, әкелі-балалы Мырзағалиевтер өздерінің локомотивте еңбек етіп жүргендерін мақтан тұтады», - дейді көп жылдар бойы тепловоз машинисті болған Өтеген Мырзағалиев.

Теміржолшылар әулетін алға сүйреп, конкурсқа қатысуға мұрындық болып жүрген Жұмабек Мырзағалиевтің айтуынша, олар алғаш «Үздік еңбек әулеті» номинациясына былтырғы жылы қатысқан. Бірақ аудан және облыстық деңгейде жеңімпаз болғандарымен республикалық деңгейде олардан да еңбек өтілі көп болған әулеттің бағы жанды. Енді биылғы жылы да бақ сынап, облыстық кезеңде жеңімпаз атанған олар республикалық конкурстың шешімін күтуде.

Бүгінгі күні Мырзағалиевтер әулетінің жалпы еңбек өтілі 529 жылға жетті. Елімізде темір жол саласында дәл осылай ұрпақ сабақтастығын сақтап келе жатқан әулет кемде кем шығар. Бірақ бұл әлі шегі емес, бағындырар белестер де алда. Еңбек әулетінің дастаны мұнымен тоқтамай өз жалғасын табар. Себебі шөпшектер ер жетіп келеді. Олар аталары мен әкелерінің қандай маңызды жұмыс атқаратынын жастайынан-ақ жақсы біледі. Ендеше еңбегімен көпке үлгілі болып отырған теміржолшылар әулетіне тек қана сәттілік тілейміз.

#EnbekEri

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT