Бұл аптада тағы да қуанышты жаңалық орын алды. Газетіміздің алдыңғы санында көпбалалы жалғызбасты ананың баспаналы болғандығын жазған едік. Рамазан айының соңғы күндерінде бұл қуаныш жалғасын тауып, доссорлық тағы бір көпбалалы ана өз баспанасына кірді.
Баспана «ASAR NAURYZ 100 отбасы, 500 бала» акциясы аясында «Asar Ume» қайырымдылық қорының атынан табысталды.
«Айналайын баладан» қоғамдық қорының басшысы Эльмира Мусинаның ұйымдастыруымен және «Asar Ume» қорының Атырау облысы бойынша өкілдерінің бірі – жерлесіміз Талғат Құсайыновтың қолдауымен өткен қоныс тойға ақсақалдар кеңесі мен ауылдың белсенді азаматтары жиналды. Олар өз кезегінде баспаналы болған бес баласы бар жалғызбасты анаға ізгі тілектерін білдіріп, ақ батасын берді.
Қайырымды жандардың көмегімен үйлі болған Эльмира Абдулдиева бұған дейін тұрақты баспанасы болмаған соң Доссордағы апатты үйлердің бірінде үй жалдап күнелткен. Енді оның 35/35 жер теліміндегі 14/11 шаршы метрлі өз баспанасы бар.
Баспана бақытына бөленген ана мен балалар өз қуанышын жасыра алмай, қайырымды жандарға шын көңілмен алғысын білдірді.
Қашанда берекелі іске ұйытқы болып жүрген «Айналайын баладан» қоғамдық қорының басшысы Эльмира Мусинаның айтуынша, бұл Доссор кентінде баспанаға мұқтаж отбасыға табысталып жатқан 14-ші тұрғын үй.
Ә.ҚАСЫМ