Ғасырлармен қалыптасқан тектілігіміздің негізінде сан түрлі ұйысқан ұлт пен ұлысқа алауыздық тудырмай, оқ шығармай орнаған ата заңымыз - Қазақстан Республикасы Конституциясына биыл 25 жыл толған болатын.
Осы ширек ғасырды құрайтын уақыт ішінде еліміздің сан түрлі сала қызметкерлері секілді полиция қызметкерлері де азаттығымыздың тірегі болған Ата заңымыздың аясында аянбай еңбек етіп келеді. Тәртіп сақшыларының қабылданған заңдардың ізін суытпай орындалуы жолында және ел ішін әр түрлі қылмыстар мен қоғамдық тәртіпсіздіктен қорғауда тындырған істері ұшан-теңіз.
Осындай абыройлы қызметкерлердің қатарында саналы өмірінің ұзақ жылдарын еліміздің құқық қорғау саласына арнап, ауданда қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыстың және автомобиль жолдарында жол апаттарының алдын алуға үлесін қосқан полиция қызметінің кәсіби маманы, бүгінгі күні еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер - зейнеткер Мұрат Мұханбетұлы да бар.
Атаулы мереке қарсаңында сала ардагерін аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарлары полиция подполковнигі А.Карин және полиция майоры Р.Нәсіпқалиев Атырау облыстық полиция департаментінің басшылығы, жеке құрамы және ардагерлер кеңесінің алғыс хатымен марапаттады. Зейнетке шықса да елеусіз қалмаған еріміздің ізбасарларына айтар алғысынан бөлек, оның өнегелі жолы көпке үлгі болмақ.
А.САДЫКОВ