Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауына байланысты аудан әкімі Шәкір Кейкінұлының төрағалығымен аудан активінің жиыны өтті.
Активте облыстық жиынға бейнебайланыс арқылы қосылып, облыстық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес өкілдері, құқық қорғау органдары, департамент, басқарма, кәсіпорын басшылары, аудан әкімдері қатысықан отырыста Жолдау кеңінен талқыланды. Жиында сөз бастаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Жолдау дағдарысты еңсеруге бағытталумен ғана шектелмейді, ол болашаққа бағдар, қазіргі заманға сай дамуды көздейтін бағдарламалық құжат»,- деп президент жолдауындағы басты он бір бағытқа тоқталды.
Сондай-ақ, Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты арнайы баяндама жасаған аймақ басшысы туындайтын міндеттерге тоқталып, оларды жергілікті деңгейде іске асыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиістігін атап өтті.
Президент Жолдауында мемлекеттік аппараттың жұмыс істеуіне де басымдылық берілді. Жиынға қатысқан Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Салауат Мүксімов те мемлекет басшысы айтқан өзгерістерді бір ауыздан қолдайтынын жеткізіп, Жолдаудың мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет саласындағы бағыттарына тоқталды.
Жолдауда жемқорлық мәселесі де көтерілген болатын. Бұл тақырыпты жиында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт кеңінен пысықтады.
Сондай-ақ, өндіріс бағыты «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бас директоры Данбай Әбдірашитұлы өнеркәсіп саласы бойынша бірқатар мәселелерді қозғады.
Актив отырысында өңірдің бүгінгі мүмкіншіліктері айтылып, кезек күттірмей жүргізе беруге болатын жұмыстар тізбеленді. Баяндамашылар өз ойларын ортаға сала отырып, Қазақстандағы тұрақтылық пен ел экономикасын жандандыру, халық тұрмысын жақсарту жөнінде жасалған нақты қадамдар ел ертеңіне айрықша әсер ететінін ерекше атап өтті. Жиын соңында Махамбет Досмұхамбетов Жолдауда белгіленген бағыттардағы мәселелерді өз дәрежесінде ұйымдастырып, әрі қарай іске асыруды жауапты мамандарға тапсырды.
Аудан активі де президенттің стратегиялық даму бағдарламасына бір ауыздан қолдау білдіретінін жеткізді. Аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды мерзімінде орындау міндет екенін, барлық азаматтар бар-күш жігерін Президент Жолдауында белгілеген міндеттерді іске асыруға жұмсау керектігін айта келіп, жиынды қорытындылады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордан