Жуырда Астана қаласында медицина саласы қызметкерлері арасында “Адал адам – адал еңбек – адал табыс” атты республикалық конференция өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған денсаулық сақтау мамандары тәжірибе алмасып, өз еңбектерінің нәтижесін көрсетті.
Аталмыш шара аясында еліміздің медицина саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандарды марапаттау мақсатында «Денсаулық сақтау саласының құрметті медбикесі» атты республикалық байқау ұйымдастырылды. Бұл байқауда Мақат аудандық ауруханасының бірқатар ақ халатты абзал жандары үлкен жетістікке жетіп, өңір мерейін асырды.
Атап айтқанда, мейірбикелер Анар Рысқалиева, Эльмира Ибраймова, Гүлнаш Досимова, Жаңылсын Қалдығожина байқауда I дәрежелі орынға ие болып, арнайы төсбелгі және “Құрметті медбике” атағымен марапатталды.
Марапат иелері — 30 жылдан астам уақыт бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан, тәжірибесі мол, білікті мамандар. Олар аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында тынымсыз еңбек етіп, талай жыл бойы өз ісіне адалдық танытып келеді.
Ж.Қамза