Көктемнің алғашқы күні елімізде Алғыс айту күні ата лып өтіледі. Ол – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі.
2016 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.
"Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", - деген болатын Н.Назарбаев Ассамблея сессиясында.
Бертін келе аталған мейрамның ұғымы кеңейе түсіп, жалпыхалықтық мас штаб алды. Бұл күні туыстарымызға, достарымызға, айналасына жақсылық жа сап жүрген жандарға алғыс айта аламыз. Қала берді оқушыларды білім нәрімен сусындататын ұстаздар, адам жанының арашасы саналатын дәрігерлер, мұқтаж жанға қол ұшын созуға асығатын еріктілер де алғысқа лайық. Біздің ауданымызда да қайырымдылыққа жаны құмарлардың қатары аз емес. Олар өз мүмкіндіктерінше жақсылық жасап жарысқан жандар. Ал біздің әңгімеміздің арқауы – Доссор кентіндегі Бержан Қанатбаев атындағы орта мектептің 1971 жылғы түлектері. Алтын ұя мектептерімен қоштасқандарына былтыр 50 жыл болған Есенжан Төлешқалиев, Бақыбай Шагиров, Дәуіт Қазмұханов және Серік Тасмағамбетов мерейлі жылдарында ерекше бір іс жасауды ұйғарады. 4 азамат ақылдаса келіп «Қайда кетпей жатырған ақша?! Ал ауылымызда ішер асқа жарымай жүрген отбасылардың саны жетерлік.
Өмір бумеранг. Қайырлы ісіміз өзімізге қайтпаса, балаларымызға қайтар» деген оймен бірнеше ай бойы қатарынан аз қамтылған жанұяларға ең қажет деген азық-түліктерін алып беріп тұрады. «50 жылдан кейін сыныптастардан ауылда қалғандары төртеуміз екенбіз. Сондықтан өзара келісімге келіп 5 ай бойы мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп тұрдық. Тізімді жергілікті әкімдік берді. Арасында бірнеше рет қатарынан барған үйлеріміз де бар», - дейді қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі Есенжан Төлешқалиев. Жетпістің жетегіне жетіп қалған жомарт азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Доссор кентінің әкімі Болат Ермеков арнайы қабылдап, ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене араласқандары үшін «Алғыс хатпен» марапаттаған болатын. Халық өз қотырын өзі қасыған қиын заманда ақсақалдарымыздың абыройлы ісі көпке үлгі қыларлықтай. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, алғыс арқалаған азаматтарымыз көп болсын!
А.ЕСЖАН