Елімізде 10 тамыз күні - қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушысы, ұлт руханиятының темірқазығы Абай күні болып тойланады.
Аталмыш мерекеге орай аудандық орталық кітапханада «Абай тұтас бір әлем» атты поэзия кеші өтті.
Поэзия кешінде алдымен «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Айбол Долдашов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өскелең ұрпаққа Абай Құнанбайұлының өлендері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, діні, тілі көрініс табатынын, сонымен қатар ақынның әр туындысы халқымыздың баға жетпес мұрасы, әрі рухани азығы екендігін айтты.
Сондай-ақ, шарада аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері Шаяхмет Ишанғалиев пен Қабылхан Омаров Абайдың мұрасы халқымен бірге жасай беретінін және ақынның сол кезде жазған өлеңдері мен қара сөздерінің өміршеңдігі сондай, қазіргі замандағы хал-ахуалды тап басып көрсететінін жеткізді.
Одан өзге, шара барысында кітапхана оқырманы Ерасыл Мусаев композитор Қаршыға Ахмедияровтың «Абай толғауын» жиналған көпшілікке тарту етті.
Сонымен қатар, кітапхана оқырмандары Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай" әндерін шырқап, Ерасыл Русланұлы сыбызғы аспабымен Абай өлеңдерінен попурри орындады.
Шара соңында «Абай мұрасына саяхат» кітап көрмесінің таныстырылымы көпшілік назарына ұсынылды.
Б.Асхатқызы