17 асхананың 16-сы талапқа сай емес

(0 Votes)

Қоғамдық тамақтану орындарындағы қызмет сапасы, санитарлық ахуалы жергілікті жерлердегі қадағалаушы орындардың бақылауынан тыс қалмайды.

Елімізде өткен жылы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен «Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын эпидемиялық маңызы бар обьектілердің тізбесі» бекітілді. Осыған сәйкес зерделеп көрсек, ауданда қазіргі таңда 105 тамақтану нысаны болса, оның ішінде эпидемиологиялық маңызы жоғары 38, эпидемиологиялық маңызы елеусіз 67 нысан бар. Ал олардың қызмет көрсету сапасы мен өркениетті ел мәдениетіне сай құқықтық жауапкершіліктері қай деңгейде? Мұны аудандағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының қадағалау нәтижесінен екшеп көрелік.

Аудандағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Г.Тоғаева мен жетекші маман Г.Жұмағалиева ерекше тәртіп бойынша биылғы жылы 105 нысанның 17-ін тексеруді жоспарлап, 16 нысанды тексерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық талапқа қайшы әрекеттерге куә болған. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» - демекші, қоғамдық тамақтану орындарының көпшілігі өндірістік бақылау бойынша келісім шартқа отырмаған. Тіпті, өндірістік бақылау бағдарламасы да жасақталмаған. Асханалардың жобаларына, пайдалануына санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларын алмай, хабарлама түсірмей жұмыс істеулері, технологиялық қондырғылардың жеткіліксіздігі, соның ішінде тоңазытқыштардың температуралық тәртібінің сақталмайтындығы, тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышсыз сақталуымен үй жағдайында дайындалған тағамдарды сатуға жол беру, қоймаларды тағам өнімдерін дұрыс сақталмайтындығы, сақтау ережелері талапқа сай еместігі, сөрелердегі және тоңазытқыштағы тағам көршілестігінің сақталмайтын кемшіліктер анықталған. Ерекше тәртіп бойынша 100 пайыз зертханалық тексеріспен қамтылған микробиологиялық көрсеткішке 36 тамақ сынамасы, санитарлық- химиялық көрсеткішке 31 сынама алынып сәйкессіздік анықталмағанымен, химиялық зертханаға сүт тағамдарынан 10 сынама алынып, 1 сәйксізздік анықталған («Мұнайлы мекен» ЖШС асханасынан). Осы кездескен кемшіліктерге сәйкес қоғамдық тамақтану орындарына 17 айыппұл салынып, өндіруге мәжбүр. Себебі, заң талаптары осыны қалайды. Сонымен қатар 9 нұсқама беріліп, 5 қызметкер медициналық тексерістен өтпегіні үшін жұмыстан шеттетілген.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ», аудан өңіріндегі кен орындары, құрылыс алаңдары жұмысшылары үшін қызмет көрсететін асханалардың қызмет көрсету үрдісіне үңілсек, тамақтан улану жағдайларының тіркелуі әбден мүмкін. Оның алдын алу бағытында басқарма мамандары тарапынан семинар-кеңестер өткізу ұдайы қолға алынып отырады. Алайда, қоғамдық тамақтану орындарына өндірістік бақылауды (ХАССП жүйесі) енгізу қажет болатын болса, аудандағы асханалардың бірде біреуінде бұл жүйе енгізілмеген болып шықты.

Биылғы жылдың 6 ай мерзімі ішінде Кеден Одағының 021/2011 «Тағам қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенты және «Тағам өнімдерін өндіру (дайындау) процессін жүзеге асыру негізінде, тағам қауіпсіздігі талабына сәйкес, 32 нысанға тексеру жұмыстары жоспарланған. Осы мақсатпен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы Г.Жұмагалиева, бөлім басшысы А.Оразымбетова, әдіскері Г.Каримова өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, 18 сауда нысанынан өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу, сатып алу жұмыстарын жүргізген. Ол үшін бюджеттен 155000 мың теңге бөлініп, игерілген. Осының нәтижесінде 14 нысаннан алынған өнімдердің 14-нен сәйкессізік табылса, 1 бактериологиялық зертханаға алынған ысытылған шұжықтан МАФАМ анықталып, кәсіпкерге ӘҚБтК – нің 425 бабының 1 бөлігімен 48100 теңге айыппұл салынғанын алға тартады. Тарқатып айтсақ, олардың ішінде тамақ сынамаларының техникалық регламенттері талаптарына сәйкес еместігі, таңбалану талаптарына, қауіпсіздік көрсеткішіне (бактериологиялық ластанған), физикалық-химиялық көрсеткіштері бойынша сәйкес еместігі орын алып отырса керек.

Әсіресе, жаз айларында қоғамдық тамақтану орындары санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай қызмет көрсетуі – осы жұмысты ұйымдастырушы кәсіпкердің жауапкершілігінде. Ал талаптан шығу – кәсіпкердің ең алдымен құқықтық жауапкершілігі, мәдениеті, тұтынушы алдындағы міндеті екенін ұмытпағаны жөн.

Л.НҰРБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521