KAZINFORM – Биыл 1,4 мың шақырым теміржол жөнделді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.
- Үлкен мәселелердің бірі - магистралды теміржол желісін жаңғырту. Оның тозу деңгейі қазір 57 пайыз шамасында. Биыл 1 мың 401 шақырым жол жөндеуден өтті. Тасымалдардың үздіксіздігін және магистралдық теміржолдардың қуаттылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның 2 мың 800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды (26%). Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайтын (оның ішінде 1,3 мың км салынып жатыр) жаңа және екінші жолдардың құрылысы, 2 мың 600 шақырымға автоблокировканы енгізу және 184 станцияны модернизациялау жоспарланған, - деді М. Қарабаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жолдардың (836 км) және Алматы айналма жолының (74 км) құрылысы жалғасып жатыр, сондай-ақ «Дарбаза – Мақтаарал» (152 км) және «Бақты – Аягөз» (272 км) желілерінің құрылысы басталды.
- Қазір Қытай бағытындағы теміржол өткізу пункттері өз жобалық қуаттылығын толық көлемде қолдануда, яғни өткізу мүмкіндігі 28 млн тонна болса, биылға сұраныс 30 млн тоннаны құрайды. Бұл ретте, жүктердің өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз ету мақсатында өткізу пунктерінің қуаттылығын арттыруға қатысты келесі шаралар қабылданып жатыр. Біріншіден, «Бақты – Аягөз» жаңа теміржолын іске асыру басталды, ол жылына қосымша 20 млн тонна жүк өткізу мүмкіндігін береді. Екіншіден, Алтынкөл станциясын жаңғырту жоспарланған, бұл оның өткізу қабілетін 12-ден 21 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Үшіншіден, « Достық–Мойынты» учаскесінде қабылдау-жөнелту парктері мен терминалдық инфрақұрылымды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, бұл станцияның өткізу қабілетін жылына 16 млн-нан 35 млн тоннаға дейін артады. Нәтижесінде, Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол пунктілерінің қуаттылығы 2,5 есеге көбейіп, 76 млн тоннаға дейін жетеді, - деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, теміржол саласындағы жаңа бағдарлардың бірі - мультимодалдық бағыттарды қалыптастыру.
Бұл жоба барысында Қытай мен шекарада төртінші теміржол өткізу пунктін ашып, Тұғыл елді-мекеніне дейін 120 шақырым теміржол және сол жерде өзен портын салу жоспарланған.
- Бұл енді басталып жатқан жаңа жоба, келесі жылы мамыр айында Қытай, Қазақстан және Ресей Көлік министрлері деңгейінде үшжақты кездесу өткіземіз. Жоба Ертіс өзенінен әрі қарай Обь өзені арқылы Солтүстік теңіздерге шыға отырып, Қытай мен Ресей арасында Қазақстан аумағымен өтетін жаңа мультимодалды транзиттік дәлізді қалыптастыратын болады. Тасымалдаудың болжамды көлемі жылына 2 млн 500 мың тоннаны құрайды, - деді Марат Қарабаев.