Биылғы жылы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгеріс еңгізіліп, әлеуметтік осал топтары санатынан «Көп балалы отбасылар» бөлек санат болып шығарылған болатын. Осы санатқа байланысты республикалық бюджеттен көпбалалы отбасыларды қолдау үшін ауданға 157 млн теңге қаржы қарастырылды.
Бөлінген қаражатқа жергілікті билік жыл соңына дейін 25 пәтер сатып алып, көпбалалы отбасыларға табыстауды жоспарлап отыр. Осыған орай, екінші дәрежелі тұрғын үй қорынан көпбалалы отбасыларға кейіннен сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер алу мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілген болатын.
Ауданымызда көпбалалы отбасылар санаты бойынша үй кезегінде тұрған сегіз отбасы баспаналы болды. Үш бөлмелі баспананың кілтін аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы салтанатты жиында табыстады. Сондай-ақ, аудан басшысы әкімдіктің тұрғын үй мәселесіне қатысты алдағы жоспарларымен таныстырып өтті. Оның сөзінше, жыл соңына дейін тағы 17 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайды. Баспанаға ие болған отбасылардың алтауы - Мақат кентінен, біреуі - Доссор кентінен, біреуі - Бейгетөбе ауылдық округінен.
Жиында ардагерлер отбасылардың қуанышына ортақтасып, ақ батасын берді.
Толығырақ газетіміздің 1-ші қараша күнгі санынан оқи аласыздар.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет автордікі