Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуды басты мақсат етіп қойды. Ол үшін ондағы техникаларды заманауи талапқа келтіріп, бәсекеге төтеп бере алатындай болу керек екені белгілі. Соған орай «қазагроқаржы» АҚ арқылы қожалықтар барынша техникаларын жаңартуда.
Міне, күздің екінші айы өтіп, шаруагерлер қолдағы шалғысын сүйретіп, шабындық басында тыным таппай жүр. Қыс шанасын жаз сайлайтын шаруагерлер үшін күз мезгілі қашанда мазасыз шақ. Оның үстіне биыл қыстың қатты болатыны жөнінде болжамдар айтыла бастады. Сондықтан ұзынарқан, кең тұсауға салынып, сақтанбай отыруға мүлде болмайды. Өйткені қыс қаһары қалай болары бір құдайға ғана аян.
Жалпы биыл төрт түлік малға 67 мың 700 тонна жем-шөп қажет. Өткен жылы дайындалған қордан 8600 тонна шөп қалса, 59 мың 100 тонна шөп дайындау жоспарланған. Күні бүгінге 57 мың 200 тонна жем-шөп дайындалып, жоспар 96,7 пайызға дайындалып үлгерген. Өйткені, ерте қамданып, төрт түлік малдың қысқа қажетті азығын дайындап алу - ең ба - сты міндеттердің бірі. Осыған орай, аудан шаруагерлері қолда бар мүмкіндіктерді пайдала- нып, іске бел шеше кірісуде. Өзіміз куә болған Ес- бол ауылдық округіне қарасты «Үш аша» жерінде Қайсағали учаскесінің тұрғыны Әзидолла Ден - деров өзінің арнайы техникасымен шөп шауып, есболдықтарға қолғабыс етіп жүр.
- Биылғы жаз сулы болды ғой. Жайық өзенінің шамадан тыс тасуы жердің ылғалды болуына себепкер болып отыр. Нәтижесінде малға қажетті жем-шөпті артығымен дайындап алуға мүмкіндік туып отыр. Ұлым трактормен шөпті шапса, өзім тайлап жинап аламын. Қос қолдап жұмыс жасағанның арқасында күніге 30, кей күндері 40 руллон шөп дайындауға мүмкіндік бар. Әрі күздің жайлылығы да жұмыстың дер кезінде жүруіне үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Десек те, табиғат ананың тылсым мінезін түсініп болмайсың ғой, әрі жаңбырлы сәттер жиі болуы мүмкін, сондықтан жұмысты одан әрі ширату үстіндеміз,- дейді Әзидолла ағамыз.
Мал азығын дайындауда аудандағы «Асыл-Агро» шаруа қожалығы 2500 тонна, «Туленов» шаруа қожалығы 1000 тонна, «Қайтпас», «Медет» шаруа қожалықтары 500 тонна, «Адлет» шаруа қожалығы 100 тонна, «Кемесай» шаруа қожалығы 50 тонна жем-шөп дайындауға жұмылу үстінде екен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Абдировтың сөзіне сүйенсек, мал басы да артып келеді екен. Айталық, жекеле - ген тұрғындар мен шаруа қожалықтарын қоса алғанда аудан көлемінде мүйізді ірі қара 27 мың 819 басқа, оның ішінде аналығы 17257 басқа, қой 74641, оның ішінде аналығы 49 мың 956 басқа жеткен.
Ал Сексек атаның төлі болып саналатын ешкі малының басы 16 700 басқа жетсе, аналығы 12 мың 129 басқа артқан көрінеді. Сондай-ақ, жылқы малы 17 мың 557 басқа жетіп, аналығы 10 мың 261 басты құраған екен. Түйе малының басында да өсім бар, яки 4725 мың бас болса, аналығы 2183 басқа жеткен. Жалпы биыл төрт түлік малға 67 мың 700 тонна жем-шөп қажет. Өткен жылы дайындалған қордан 8600 тонна шөп қалса, 59 мың 100 тонна шөп дайындау жоспарланған. Күні бүгінге 57 мың 200 тонна жем-шөп дайындалып, жоспар 96,7 пайызға дайындалып үлгерген.
Мамандардың сөзінен ұққанымыздай, алдағы қараша айында қажетті мал азығы толық дайындалып үлгеріледі деген жоспар бар.
С.КӨШЕКОВ