Өзгеге жақсылық жасауды жаны қалайды

(0 Votes)

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі -  медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Әуелден «ақ халатты абзал жан» деп ардақтап келсек те, қазіргі күрделі кезеңде дәрігерлердің қадірін шынайы ұғындық.

Бүгінде өңірдің барлық медицина қызметкері  қауіпті індетпен күресте алдыңғы орында жүр.

Солардың бірі Доссор селолық ауруханасының шаруашылық меңгерушісі Зихатова Айгүл Ақорынқызы.  Ол жұмыспен қамту бөліміне тіркеліп, 2012 жылы Доссор селолық ауруханасына еден жуушы болып жұмысқа орналасады. «Таңның атысы мен күннің батысына дейін бір мігір жоқ. Әр секундым әрекетпен өтеді. Есесіне еңбекпен жеген нан тәтті, берекетті, әрі адал. «Қанағат қарын тойғызады» деген. Адал ризығыма шүкір еттім»,-деді кейіпкер.

Таң ата салысымен қолына су толтырылған шелегін ұстап, өзіне тиесілі аумақты жуып-тазалайды. Емделушілерге қолайсыздық тудырмауымыз керек.

Тазалықшы деп мұрнымызды шүйіре қарағанымызбен, ол да өзіне тән бір кісілік бақыттың дәмін татқан аяулы жар, ардақты әже. Ішер ас, киер киімге жарамағандықтан еден жуып жүрмегені тағы айқын.  Жолдасы Серікпен  екі ұл, қыз тәрбиелеп отыр, өмірден өз орындарын тапқан.

Жаһанды жалмаған қауіпті вирус оларға да  оңайға соққан жоқ.   Пандемия басталған кезде провизорлық бөлімге ауысты. Жұмыс ауыр болды. Апталап үй бетін көрмей, аурумен алысты. Өз бастарын қатерге тіксе де, жұмыстарына адалдық танытты.

Айгүл Ақорынқызы биылғы жылдың сәуір айынан бастап селолық ауруханада шаруашылық меңгерушісі болып ауысты. Үйде отырғанды жек көреді. Өзіне қуаныш сыйлайтын болғандықтан, ерікті түрде осы жұмысты таңдаған.

Ол - өмір өзгелерге жақсылық жасағанда ғана анағұрлым шуақты болатынын ішкі түйсігімен сезіп, жүрегіне тыныштық орнаған жан.

А.ТАУМҰРЫНОВА

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT