«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналар қандай мақтауға да лайық. Мемлекетіміздің де мүддесі - ұлт болашағы үшін ана мен баланың мұқтаждық көрмеуіне жағдай жасау. Әр үйде көп баланың болуына негізгі мотивация - жеңілдіктерімен қоса алтын және күміс алқалардың берілуі.
Осы керемет дәстүрдің жалғасы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп балалы аналарды "Алтын алқа және "Күміс алқа" алқаларымен марапаттау туралы 2021 жылдың 2 маусымдағы №588 жарлығын орындау үшін өткізілген шара Мақат ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында өтті.
"Бүгін отбасыларыңыз бен әулеттеріңіз үшін ерекше қуанышты күн. Олар да бұл сәтті көптен күткен шығар. Біздің міндет - сіздерді лайық құрметке бөлеу. Марапаттарыңыз құтты болсын!", - деген Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин алты баланы дүниеге әкелген 7 анаға күміс алқаларын тапсырды.
Шара соңында Шәкір Кейкінұлы күміспен күптелген аналарды алтын алқа табыстау сәтінде күтетінін айтып өтті.
А.Есжан