Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты.
Ал болашағымыз – дені сау ұрпағымыз деп білеміз. Адам денсаулығы – қоғам байлығы болғандықтан, балалардың денсаулығы көңіл бөлуді талап етеді. Мұны ескерген ауданымыздың басшысы Жұмабай Қарағаев денсаулығына байланысты есепте тұрған мектеп оқушыларын шұбатпен қамтуды қолға алды. Осының нәтижесінде аудандағы жеке кәсіпкер Түркіменбай Мұхановпен келісім шарт арқылы Х.Санбаев атындағы орта мектебіне шұбат жеткізіп беруде. Қазіргі таңда мектепте денсаулығында кінәраты бар балаларды тізім бойынша шұбатпен қамтуы көңілімізге қуаныш ұялатуда. Әрине, әрі сусын, әрі қорек, әрі шипа болып табылатын шұбаттың адам денсаулығына тигізер шипасы мол.
Түйе сүтінің құнарлылығына келсек, 911 ккалға тең екен. Бір литр шұбат адам ағзасының витаминдер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз ете алады. Шұбат ішкен адам күні бойы тоқ жүреді. Құрамында А, В1, Д, Е, С дәрумендері бар шұбат көптеген ауруларға шипа. Денсаулығымызды нығайтуды ойласақ, шұбат ішуді әдетке айналдырайық. Осындай игі бастамалар жалғасын табатынына сеніммен қарап, еліміздің болашағы жас балалардың ертеңін ойлаған ел ағалары аман болсын деген ниеттеміз.
А.КЕЛДІБАЕВА,
Мақат тұрғыны.