КОЛЛЕДЖДІ КӨШІРУ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

(0 Votes)

Елімізде жұмысшы мамандықтар жылы жарияланғалы бері түрлі іс-шаралар қолға алынып, небір жобалардың жоспары жасақталып жатқаны белгілі. Дегенмен, жұмысшы мамандықтар жылын әдеттегідей түрлі акция, форумдармен өткізе салуға болмайды. Түрлі деңгейдегі Алғыс хат пен марапаттар беріп, әлеуметтік желілерге жариялау да жай науқандық шара болып қалады. Ең абзалы – қарапайым жұмысшылардың жалақасы мен мәртебесі қатар көтерілетіндей іс-шаралар қолға алынғаны жөн. Одан бөлек, жұмысшы мамандықтарды оқытатын оқу орындарына да реформа жасалып, колледждер студентке тек диплом емес жұмыс тауып беретіндей әлеуетті болуы керек. Бұл орайда, ауданда Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі жұмыс жасайтындығы белгілі. Соңғы уақытта Сағыз ауылында орналасқан аталмыш оқу орнын реформа жасау мақсатында аудан орталығына көшіру мәселесі айтыла бастады. Осы ретте, «Тарихы терең колледжді көшіру қаншалықты орынды, реформа жасаудың басқа қандай жолы бар?» деген заңды сауал туындары хақ. Міне, осы және басқа да сауалдарға іздегенді жөн көрдік.

Заманға сай жаңаруда

Тарихқа көз жүгіртсек, Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі 1959 жылдың 11 мамырында «УМСХ-112» деген атаумен Приморье МТС жанынан құрылған. Училище ашудағы басты мақсат – жаңадан құрылып, ірілендірілген ұжымшар, кеңшарларға механизатор дайындау. Алғашында 320 студент оқыған. Училищенің алғашқы директоры Николай Ким болды. Содан бері алпыс бес жылдан астам уақыт өтті. Аталмыш оқу орнында аудан, облыстың дамып-өркендеуіне үлес қосқан небір мықты түлектер түлеп ұшты. Атап айтқанда, Социалистік Еңбек Ері Кісебай Асабаев, ауыл шаруашылығының озаттары Атырау Жұмиев, Кәдірбек Сұлтанов, Артельбай Құлымғариев, Мәтжан Көпбергенов, Қалиболла Ахметниязов, Қошан Дүйсемұратов, Жаукен Түркістанов, Айсұлу Баетова, Жоламан Рашқалиев, аудан әкімі болған Есенгелді Нұршаев, жазушы Марат Мәжитовтер осы колледжден білім алып шыққан. Колледж директоры Шалқар Қасымовтың айтуынша, соңғы жылдары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңарып, ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, білім алушыларға барынша жағдай жасалуда. Қазіргі таңда колледжде 6 мамандық, 10 біліктілік бойынша 160 студент білім алуда. Олардың арасында 107 студент Сағыз ауылынан болса, 37 студент ауданымыздың өзге ауылдарынан келіп оқуға түскен. Сол сияқты Ақтөбе облысынан – 14, Қызылорда мен Маңғыстау облысынан – 1 студент бар. Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша – 77, дәнекерлеуші мамандығында – 15, электромонтер мамандығында – 18, тігін өндірісінде – 15, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығында 35 студент білім алуда. Студенттер колледж асханасында бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, ай сайын оқу үлгеріміне байланысты 42 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Оқу орнының жалпы аумағы 4,788 шаршы метр болса, жобалық қуаты – 380 орындық. Одан бөлек спорт зал, кітапхана, акт зал, асхана студенттерге қызмет етеді. Бұған қоса, биыл қайта жаңғырту бағдарламасы аясында колледждің өндірістік-техникалық қамту ғимараты жаңа заманауи оқу-жаттығу құралдарымен қамтылатын болса, жатақхана мен №3 оқу корпусын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаржы бөлінеді. Сол сияқты, колледж бен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы арасындағы жасалған меморандум аясында 3 студент – электрмонтер, 3 студент электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында тәжірибеден өтуде. Сонымен қатар, колледждің 5 студенті Астана қаласында жұмысшылар жылына орай ұйымдастырылған фестивальға қатысып қайтты. Бір сөзбен айтқанда, 65 жылдан астам тарихы бар бұл оқу орны жаңа заманға сай жаңғырып, жаңару үстінде.

Жері белгіленді, жобасы белгісіз

Соңғы уақытта Сағыз ауылындағы бұл колледждің болашағына қатысты түрлі пайымдар мен болжамдар айтыла бастады. Дәлірек айтқанда, былтыр желтоқсан айында аудан әкімі Қанат Әзмұханов Сағыз ауылының тұрғындарымен кездескенде Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің жұмысын жандандыру мақсатында аудан орталығына көшіру мүмкін екендігін айтып қалды. Ал, Сағыздағы қазіргі ғимараты филиалы болып жұмысын жалғастыруы мүмкін. Міне, осы әңгіме көтерілгелі сағыздық ағайыннан маза кетті. Ауылдарындағы тарихы бай іргелі оқу орнының жылы орнын суытып, аудан орталығына көшірудің мәнін ұғар емес. Биылғы қаңтар айында мәжіліс депутаты Серік Ерубаев ауданға іссапармен келіп, Мұқыр ауылында тұрғындармен кездескенде сағыздық ағайынның аманатын арқалап келген ардагер ұстаз Ақниет Жанбосынов: «Тамыры терең, тарихы бай бұл оқу орнынан талай түлек қанаттанып, ауданның, облыстың дамуына зор үлесін қосты. Әсіресе, колледждің ауданның ауыл шаруашылығы саласына маман дайындауда сіңірген еңбегі зор. Бұл оқу орнына тек аудан емес, көршілес Ақтөбе облысынан да студенттер келіп оқиды. Енді осы оқу орны Миялы ауылына көшеді дегенді естідік. Әрине, сағыздық ағайын, бұл бастаманы қолдамайды. Өйткені, мұнда қаншама ұстаз жұмыс жасап жатыр. Олардың жылы орнын суытып, аудан орталығына ауыстырғаннан қандай пайда? Ең дұрысы – аталмыш оқу ордасын бұрынғыша Сағыз ауылында қалдырып, қайта заманауи құрал-жабдықтармен қамтып, жұмысын жандандыру керек» деген пікір білдірді. Сол кезде бұған жауап берген аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали Сағыздағы колледжді аудан орталығына көшіру мәселесі әзірге жоба екендігін тілге тиек етті. Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Сағыздық ағайынның алаңдаушылығын естіп, аталмыш мәселенің анық-қанығына жету үшін аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғалиға хабарласқан едік. Ол:

– Қазіргі таңда, Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжін аудан орталығына көшіру бойынша алғашқы жұмыстар жасалуда. Дәлірек айтқанда Миялы ауылдық округінен колледж ғимаратын салуға жер белгіленіп қойды. Дегенмен, оның әлі толыққанды жобасы жасақталған жоқ. Жоба жасақтау үшін қаржыға сұраныс беріледі. Ол шешілгесін ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуы керек. Одан әрі мемлекеттік сарапатамадан өтуі қажет. Содан кейін барып құрылысқа қажетті қаржы сұратылады. Яғни, бұл ұзақ процес. Жоғарыда айтқандай колледждің әзірге тек жері белгіленіп тұр. Ал, ғимараттың салыну, салынбауы жоба мен қаржыға тіреледі. Бір сөзбен айтқанда, әзірге белгісіз, - дейді.

Жұмысшы мамандықтар жылы басталғалы ауданда осы колледж дауынан басқа іргелі жоба қолға алынғанын байқамадық. Бұл мәселеде, сағыздықтар оқу орнының бұрынғыша жұмысын жалғастыра беруін сұраса, аудан басшылығы жаңа заманға сай бейімдеу мәселесін алға тартады. Шынтуайтына келгенде, сонау Кеңес үкіметі кезеңінен бері аудандағы жалғыз оқу орны болып қалыптасқан колледжді бір ауылдан екінші ауылға көшіру жұмысшы мамандықтардың мәртебесін асыра қоймасы анық. «Келісіп пішкен тон келте болмайтындығы» сияқты бұл мәселеде де бір жақты шешім қабылдамай ортақ мәмілеге келген жөн.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Қызылқоға ауданы

Сіз не дейсіз?

Тарихқа қиянат жасамайық!

Мен бұл оқу орнында 1981-2019 жылдары қызмет еткен адаммын. Ол кезде колледж емес училище болды. Соған қарамастан ол жылдары 24 топ 600 балаға дейін оқыды. Спорттан да, өнерден де облыс көлемінде алдыңғы қатарда болдық. Ол кезде оқу орнын Құлмағанбет Қоданов басқарды. Бір ғажабы ол заманда бізден диплом алған адам жұмыссыз қалмайтын. Сол кезде бітіргендер басқа екінші оқу орнын оқымастан бірден мамандығы бойынша жұмысқа кіріп кететін. Бізден білім алған бір студент «Мен мұны училище емес университет деп атар едім. Себебі, жоғары оқу орнын бермеген білім мен тәрбиені осы оқу орнынан алдым. Бітірген бойда мамандығым бойынша жұмысқа орналассып, тәуір табыс таптым» деп мақтап отырғанын өз құлағыммен естідім. Бұл оқу орнының дамып, өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен жандар аз болмады. Мәселен, Амандық Өтемғанбетов колледжді сақтап қалуға бар күш-жігерін салса, Әлім Үсенов, Сүндет Алауов, Қойшыбаев Мадияров, Әнес Тастеміров, Орақ Күнжарықовтар оқу орнының білімі мен тәрбиесі жолында жанын сала еңбек етті. Әбділқайыр Молдашов басшылық жасағанда мектептерді аралап жүріп, 4-5-ке оқитын оқушыларды тарта білді. Біз жұмыс жасаған жылдары тәртіп те қатаң болды. Сырттан келіп оқитын балалардың қауіпсіздігі мен алаңсыз білім алуы үшін түнгі он екіге дейін кезекшілікте тұратынбыз. Қатаң тәртіптің арқасында Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан да студенттер келіп оқитын. Қысқасы бұл оқу орнының жас ұрпақ үлгі алатын орны ерекше. Ең бірінші бұл колледж – тарихи ғимарат. Себебі, жазушы да, ғалым да, аудан әкімі де білім алған. Сондықтан колледжді аудан орталығына көшіру тарихқа қиянат жасау деп білемін.

Ақниет ЖАНБОСЫНОВ,

ардагер ұстаз

Халық қарсы

Бұл оқу орнына заманында сонау Молдова мемлекетінен келіп оқығандар болған. Осыдан-ақ, аудан, облыс емес еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігін біле берген жөн. Ол кездері колледждің материалдық-техникалық базасы керемет болатын. Әкімшілік ғимаратынан бастап жатақханасы, үлкен спорт залы, акт залы, асханасы, көлікжайы тіпті моншасына дейін болды. Алпыс-жетпістей адам жұмыс жасаған ең іргелі ұжым болғанына біз куәміз. Бұдан бөлек, осы жерден бағыттама алып, жоғары оқу орнына түсіп, ғалым атағын алған азаматтар да болған. Кейіннен бұл оқу орнының жұмысы қожырап кеткені рас. Екі мыңыншы жылдардың басында үлкен ғимараты болды. Оны «ескі» деп бұзып алды. Бұрын бүкіл оқу тәжірбиелік жұмыстарының бәрі сонда өтетін еді. Қазір оқу тәжірбиелік корпусы жетпегендіктен типтік жобадағы жатақхананың бір жағын оқу корпусы қылып пайдаланып отыр. Ал, соңғы бір-екі айда мерзімде «Оқу орнын аудан орталығына көшіреміз» деген әңгіме шықты. Бұл қалай болғаны сонда? Бұрыннан өзіндік жолы қалыптасқан оқу орнын көшіргеннен кім, не ұтады? Қайта, қып-қызыл шығын ғой. Аудан орталығына көшіру үшін пәлен миллиард теңгеге оқу корпустары мен жатақхана салу керек. Одан қалды жан-жақтан маман тартып, оларды баспанамен қамту мәселесі тағы бар. Мұның бәрі қыруар қаржыны талап етеді. Мемлекеттің өзі бюджеттің тапшылығын сезініп отырғанда, колледжді көшіру нағыз шығын болады. Бұл жерде жақсы болсын, жаман болсын негізі қаланған, өзіндік жолы қалыптасқан Сағыздағы оқу орны бұрынғыша тұра бергені жөн. Одан да, қазіргі оқу ғимаратының базасын дұрыстап, дұрыс методикалық оқытуда қолға алған жөн. Егер колледжді Миялыға көшіретін болса, қаншама адам жұмыссыз қалады. Сағыз ауылында онсызда жұмыс орны аз. Оқу орны көшіп кетер болса ауылда жұмыссыздардың саны көбейеді. Колледжді көшірудегі тағы бір сылтау – «Сағыздың балалары тентек, басқаларға сабақ оқытпайды» деген пікір екен. Сонда баладан қорқып, оқу орнын ауыстыру деген естіген құлаққа ұят емес пе?! Тентекті түзейтін тәртіп сақшылары мен заң бар. Ал, ақиқатын айтар болсам көшіру мәселесіне Сағыз ауылының халқы қарсы болып отыр. Халық үніне құлақ асып, бұл жобаны осы жерден тоқтатқан жөн.

Жәнібек АРАЛБАЕВ,

ғалым, ауыл жанашыры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT