Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің арқасында шет ел асып, білім қуған қаракөздеріміздің бірі - Жансая Сарманова. Ол қазіргі таңда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Франциско қаласында тұрып жатыр.
«Алтын қақпа» көпірімен танымал қаланың 900 мыңға жуық халқы бар. Уақыттары бізден 13 сағатқа артта.
1993 жылы Доссор кентінде дүниеге келген Жансая 1999 жылы Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, сол жерде 6-сыныпқа дейін білім алған. Кейін Бержан Қанатбаев атындағы орта мектепке ауысып, 2010 жылы үлкен өмірге қадам жасайды. 2010-2014 жылдары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қабырғасында биолог мамандығын игеріп шығады. Студент кезінен ағылшын тілін жетік меңгеруді көздеген Жансая арнайы курстарға ерекше құлшыныспен барады. Диплом алғаннан соң 2 жыл «ISKER Consortium construction» компаниясында әкімші болып қызмет атқарып жүрген жерінен оқуға түсу мақсатында мұхит асады. Арман қуып, Америка Құрама Штаттарына аттанған жерлесімізбен әлеуметтік желі арқылы сұхбаттасудың сәті түсті.
- Жансая, білім қуу үшін таңдауыңыз не себептен АҚШ-қа түсті? Қай ЖОО-да оқыдыңыз?
- Мен алғаш 2017 жылдың қыркүйек айында АҚШ-қа табан тигіздім. Биыл «Intercultural institute of California» оқу орнын аяқтадым. Магистратураға тапсыру жоспарыма коронавирусқа байланысты карантин кедергі болып тұр. Себебі мұнда тәртіп қатаң, мекемелер жабық. Пандемия кесірінен жұмыстан да уақытша боспын. Үкімет жәрдемақысының көмегі тиюде. Әйтпесе оқу оқып жүрсең де, жұмыс жасамасаң, өмір сүру қиын. Барлығы қымбат.
- Бөтен елге қалай үйренісіп кеттіңіз. Бастапқыда қалай болды өзі?
- Басындағы - 3 ай бойы қиналдым десем болады. 3 жыл аз уақыт емес. Қазір әбден үйренісіп, нағыз «америкалық тұрғын » атанып кеттім. Енді маған елге оралу қиын тиюі мүмкін. (күлді)
- Сан-Францискода өзіңіз сияқты өзге де отандастармен бас қосып тұрасыздар ма?
- «Жайлы аймақтан» шығып, ағылшын тілін толық игеріп алу үшін қазақстандықтардан гөрі өзге ұлт өкілдері арасында достарым көп. Бірен-саран ғана қазақ қыздарын танимын. Жанымда туған апам бар.
- Ол жақтағылар біздің ел жайында не біледі?
- Калифорниялықтар Қазақстан туралы хабардар болса да, мені жапон немесе корей қыздарымен жиі шатастырады. Қазақстанды Геннадий Головкин мен Димаш Құдайбергенов арқылы танитындар бар.
- Екі елдің менталитетіндегі қандай айырмашылықтарды айтар едіңіз?
- Қазақстанмен салыстырғанда мұнда органикалықтан гөрі химикат қосылған тамақтардың үлесі көп. Халқы - шыдамсыз, тез тағамға әуес. Жалғызбасты адамдары мысық пен итке алданып өмір сүреді. Біздің елдегідей қонақжайлылық жоқ. Ауыр зат көтерген үлкен кісіге көмектеспекші болсаң, ол саған үрке қарауы мүмкін, яғни әр адам «жеке кеңістік» дегенді қатаң сақтайды. Сондай-ақ, АҚШ-та балаларды кішкентайынан мұғалімдері «сен ата-анаңнан таяқ жеуге міндетті емессің» деп үйреткесін, олар өсе келе үлкендерге мойынсұна бермейді. Жасөспірім кезінен құқықтарын қорғауға құмар. Ал жақсы жақтарына келетін болсақ, АҚШ-та заңның күші зор. Сөз бостандығы бар. Қоғамдағы ер мен әйелдің рөлі тең.
- Өзіңіз секілді Америка Құрама Штаттарына барып білімін жетілдіргісі келетін жандарға қандай кеңес айтасыз?
- Бұрынғыға қарағанда доллардың бәсі көтерілгеніне және эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұл жаққа келу қиындап кетті. Өзім үшін басты мақсат тілді үйрену болған. Осынша ұзақ уақыт қаламын деп ойламадым. Молырақ ақша тауып кетем дейтіндер болса, ағылшын тілінде еркін сөйлей алмайтындардың табысы едәуір төмен болатындығын айтар едім. Көп қандастарымыз студенттік визамен тіл курстарын оқуға келіп жатқандарын білемін.
- Бойыңызды сағыныш кернейтін сәттер жиі бола ма? Отанға қашан оралмақсыз?
- Әрине, көптен жырақта жүргендіктен, туыстарымды, отбасымды сағынатын кездер болады. Ұлттық тағамдарымыздың қадірін түсіндім. Мен кеткелі Доссор жылдан-жылға көркейіп жатқан шығар. Бірақ ендігі жоспарым – магистратураны оқып алу. Елге қашан баратыным белгісіз.
-Тәуелсіздікке тілегіңіз?
- Қазақстандай азат елдің ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Тәуелсіз ел атанғанымызға 29 жыл болды. Еліміз өркендеп, дами берсін! Әлемнің дамыған елдерінде бәсекеге қабілетті болатын озық ойлы азаматтарымыз көп болсын!
-Әңгімеңізге рахмет!
А.ЕСЖАН