ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, ҚАЙЫН АТАМ ХАМЗА БИСЕНҒАЛИЕВТІҢ ЕСІМІ АУДАНЫМЫЗҒА ЖАҚСЫ ТАНЫС. 1930 ЖЫЛЫ ТЕҢІЗ (ҚҰРМАНҒАЗЫ) АУДАНЫНДА АЛҒАШ РЕТ БАСПАХАНА АШЫЛЫП, «БАЛЫҚШЫЛАР ҮНІ» ГАЗЕТІ ШЫҒАРЫЛА БАСТАДЫ. АТАМЫЗ ОНЫҢ АЛҒАШҚЫ ШЫҒАРУШЫСЫ, КЕЙІН БАСПАХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛЫП 37 ЖЫЛ АДАЛ ЕҢБЕК ЕТТІ.
Бисенғалиев Хамза 1912 жылы Гурьев (Атырау) облысы, Теңіз ауданы Өлеңді кеңесінің Орлы ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, Қиыр Шығысқа жіберіледі. Мұнда Кеңес Одағына қолайлы сәтте бас салуға дайындалып, анталаған жапонмилитаристері тұрған еді. Осындағы темір жол бекетінде әскери қызметте болып, өзінің міндетін абыроймен атқарды. Мұнда өзінің сүйікті мамандығы бойынша баспаханада жұмыс жасап, соғыс жағдайында газеттерді шығаруға атсалысты. Ол газеттерге материалдар да дайындайтын. Жазатын нәрсе жеткілікті. Қиыр Шығыс тыныш сияқты көрінгенімен Қытай жерінде тұрған жапондар тыныш жатпай, шекара бойында қарулы қақтығыстар жиі болып жататын. Жау Кеңес әскерлерінің ұрымтал тұстарын іздеп, бас салуға әзір тұратын. Осылардың бәрі майдандық газетте көрініс тапты. Темір жол бекетін қорғап, басын талай рет қатерге тікті. 1945 жылы Кеңес Одағы жапондарға қарсы соғыс ашқанда алдыңғы шептен табылды.
Жауды талқандауға өз үлесін қосты. Өз міндетін тиянақты атқарғаны, ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталды.
Елге оралғаннан кейін бейбіт еңбекке араласты. Сонымен бірге атасы Жұмабайдан дарыған емшілік қасиетімен мұқтаж адамдарды түрлі аурулардан емдей бастады. Осылайша, көпшіліктің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді. 1946 жылы Жәннат Әмірғалиқызымен отау құрып, өмірге 2 ұл, 4 қыз әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіріп, білім алып, еңбек етулеріне жағдай жасады. Бүгінде ұрпақтары бір-бір шаңырақ иесі атанып, бақытты ғұмыр кешуде. Бисенғалиев Хамза 1968 жылы өмірден озды. Соғыс ардагері, абзал азаматтың өнегелі өмір жолы «Қайран ерлер – қаһармандар» кітабына, «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» энциклопедиясына енгізілген.
Күлән Махуқызы ХАМЗАЕВА,
Құрманғазы ауылы