«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген аталы сөз бар. Қазіргі заман ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді.
Халқымыз ерте кезден-ақ, адамгершілікті, әдепті бағалай білген. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала қайда болса да, көргенділігін көрсетеді. Ал, жақсы тәрбие алған ұлдар жау келгенде жайдақ атқа міне шабатын өжет, батыл, адал жеріне туған халқына ыстық ықыласты, үлкенге де, кішіге де қамқор бола білген. Қыз баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыратын халықтық қағиданы бүгінгі таңда біз де қалтқысыз ұстануымыз қажет.
Доссор кенті әкімі аппаратының жанынан құрылған Аналар кеңесі С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында «Қыз – ұлт намысы» тақырыбында жоғары сынып оқушыларына шара өткізді. Кездесуге Аналар кеңесінің төрайымы Т.Оразбаева және мүшелері Ж.Иманғазиева, У.Балмағамбетова, Доссор кенті әкімі аппаратының бас маманы Нұрғалиева, Доссор селолық ауруханасының акушер маманы М.Жаңабаева, психолог Г.Өтегенова қатысты.
Халықтық тәлім-тәрбие негізінде қазіргі қазақ қыздарының бойында жан сұлулығын қалыптастыру жолдарын көрсету, адамгершілікке үндеу, қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көркем мінезділік және отбасындағы сыйластық туралы әңгімелеу мақсатында баяндамалар оқылды. Сонда-ақ, дәрігер мамандар қыздарға ерте жүктіліктің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Э.Абатова, психологі З.Халидуллина және аға тәрбиеші Р.Тулегенова өз ойларын білдіріп, ұлттық тәрбие төңірегінде әңгіме өрбітті.
Шараға қатысқан оқушы қыздар өз пікірлерін айтып белсеңділік танытты. Олар сауалдарын жолдап, мамандар толықтай жауаптарын қайтарды. Шара соңында келесі кездесуде қыз балалардың аналарын да қатыстыру жөнінде ұсыныс айтылды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА