АМӨЗ-дің бас метролог бөлімінің мамандары мен «IQS Engineering» ЖШС шеберханасының слесарьлары С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің студенттерін автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша Ресейдің Қазан қаласында өткен III Халықаралық кәсіби шеберлік сайысына дайындады.
Үш күнге созылған тағылымдамаға аталмыш оқу орнының 3 студенті мен 2 оқытушы қатысты. Олар АМӨЗ мамандарынан Метран-150 CD бастапқы қысым датчигінің жұмысын бақылау, көрсеткіштерін сәйкестендіру мен параметрлерін тиісті күйге келтіруді үйренді.
Метран-150 приборы зауыттағы баяу кокстеу, мұнай коксын қыздыру, күкірт өндіру және біріктірілген күкірт өндіру қондырғыларындағы құбырлардың, сыйымдылықтар мен насостардың қысымын өлшеу, сондай-ақ технологиялық процестерді автоматты түрде бақылау, реттеу және басқару үшін қолданылады. Студенттер колледж қабырғасында Метран-150 құрылғысы туралы теориялық білім алғанымен, практикалық тұрғыда танысуға мүмкіндік жоқ.
«Зауыттағы Метран-150 құрылғысы панель арқылы басқарылады екен. Үйренуге де, есте сақтауға да оңай. Қаладағы кәсіпорындардан бұл приборды іздестіріп көрдік, тек Атырау мұнай өңдеу зауытынан таптық. 2018 жылы дәл осы халықаралық сайыста біздің студенттер 3-ші орын алған болатын. Биыл да жүлделі орыннан дәмеліміз. Сондықтан АМӨЗ-дің білікті мамандарынан барынша толыққанды ақпарат алуға тырыстық», - дейді колледждің арнайы пән оқытушысы Наргиз Мақсотова.
Айта кету керек, АМӨЗ бен С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі арасында мұнай-газ саласына білікті мамандар дайындауда әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Колледж студенттері жыл сайын кәсіпорынға экскурсияға келіп, практика мен стажировкадан өтеді. Үздік түлектер зауытта табысты еңбек етуде.
Баспасөз бөлім