Қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні болса, қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні. Бүгін аталған қос мерекенің құрметіне орай аудандық мәдениет үйінде әлеуметтік қызметкерлерді, еңбек әулеттерін және жұмыс істейтін жастардың тәлімгерлерін марапаттаған салтанатты жиналыс өтті.
Салтанатты жиналыс аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз кезегінде зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Рысты Тасмағанбетоваға, әлеуметтік қызметкерлер Эльмира Сәрсенғалиева мен Орынай Берекешоваға және халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Қайратовқа аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Ал әлеуметтік қызметкер Эльвира Лесова мен мейірбике-дәмдібике қызметкер Нұргүл Келдібаева, жұмыспен қамту орталығының тазалықшысы Айгүл Жүсіпқалиевалар аудандық мәслихаттың хатшысы Қуаныш Исмагуловтың қолынан алғыс хатқа ие болды. Кейін әлеуметтік қызметкерлердің тәрбиеленушілері «Любовь уставших лебедей» биімен жиылған жұртты бір тебірентті.
Еңбек күніне орай марапаттаудың кезегі келгенде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешованың қолынан «Өндірістің үздік жас маманы» деген марапатты Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері Малика Барысова алды. Ауданымыздың «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әсима Меңдалиева «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің мұғалімі Жаңыл Жоламанованы және «Доссормұнайгаз» МГӨБ Мақат мұнай дайындау және талдау цехының инженер-химигі Гүлнәр Кушкимбаеваны марапаттады. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов Ликаровтар әулетін марапаттаса, аудандық мәслихаттың хатшысы Қуаныш Исмагулов «Доссормұнайгаз» МГӨБ энергетикалық бөлімінің бастығы Жұмабай Абдуловқа «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атағын, аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев Мырзағалиевтер отбасына «Үздік еңбек әулеті» атағын тапсырды.
Марапаттар толық аяқталғаннан кейін «Шаттық» үлгілі би тобы «Назбике» биімен, Сымбат Маңғыстау мен Рәбия-Бегім Нұртас «Алатау» әнімен, Мақат балалар өнер мектебі жанындағы «Шалқыма» фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерімен көрерменнің көңілдерінен шыға білді. Бисенбай Әкімгереевтің орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Алатау» әнімен мерекелік шараның шымылдығы жабылды.
Асылбек Есжан