АҚЖАНАРДЫҢ АЙШЫҚТЫ ЖОЛЫ

(0 Votes)

 Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолды таңдаған әрбір тұлғаның бойында балаға деген шексіз махаббат пен асыл мамандыққа деген зор жауапкершілік болуы керектігі сөзсіз.

 Шәкірт санасына білім нәрін сіңіріп, ел болашағының ертеңі болар бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген ұлы мамандық иелері аз емес.

Сол ұстаздардың бірі әрі бірегейі – Х.Санбаев атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Ақжанар Жалғасбаева.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Ақжанар Жалғасбаева Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында мейірім мен махаббатқа бөленіп өскен ол жастайынан алғыр, дарынды болған.

Мектеп кезінен әдебиетті сүйіп оқып, түрлі жыр шумақтарынан сахи сөзден сай құраған оқушы Ақжанарға ұстаздары зор сенім білдіріп, шәкірт талабын ұштауда барын салған. «Өнерлі өрде озар» демекші, оқу-біліммен қатар өнер жиған кейіпкеріміз түрлі додаларда топ жарған.

«Қос ішекті домбыраны қолға алған сәттен-ақ қызығушылығымды байқаған ата-анам музыкалық мектепке берді. Кейін өнер мен үшін бүтін бір әлемге айналды» -дейді Ақжанар Төлегенқызы.

Қара домбырамен дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп орындаған жастың өнеріне сүйсінген ауыл адамдары болашақта кейіпкерімізді дәстүрлі әнші болады деп кәміл сенген. Десе де тағдырдың тартуымен Ақжанар Төлегенқызы ұстаздық ұлы жолды жанына серік еткен. Білім күні дүниеге есігін ашқан кейіпкеріміз ұлы мамандыққа деген даңғыл жол дүниеге келген сәттен басталғандай дейді.

Сағыз ауылындағы Кенбай орта мектебінен 11 жыл білім алып, үздікке аяқтаған болашақ ұстаз әрі қарай жоғары оқу орнына оқуға түскен. Х.Досмұхамедов атындағы университетті «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Кенбай ауылында бастаған. «Еңбек жолындағы алғашқы шәкірттерім әлі күнге дейін көз алдымда. Шағын ғана мектепте білім алуға келген балаларға бар уақытымды арнап, күннің қалай өткенін байқамай да қалатынмын. Алға қойған бар мақсатым ауыл балаларының сауатын ашып, көкіректеріне білім шырағын жағу болды» - дейді кейіпкеріміз алғашқы шәкірттерін еске ала отырып.

Біраз уақыттан соң жас ұстаз әріптес құрбыларымен бірге мұнайлы өлкеге қоныс аударған. Сөйтіп, ауданымыздағы Х.Санбаев атындағы орта мектепке жұмысқа орналасқан. Жас маманның таудай талабы мен шәкіртке деген ыстық ықыласы тынымсыз еңбек етуге жол ашқан. Жас ұстаз жүрегінің жартысын осы киелі мекенде жолықтырған. Осылайша, кейіпкеріміз тоғыз жолдың торабы болған мекенге келін атанған. Бүгінде кейіпкеріміз ұлағатты ұстаз, аяулы жар, ибалы келін, бес баланың анасы атанған.

Ұстаздық қызметті «маңдайға қонған бағым» деп санайтын Ақжанар Төлегенқызының осы салада тынбай еңбек еткеніне 31 жыл екен. Бүгінде кейіпкеріміздің шәкірттері сан салада еңбек етіп, қоғамның мықты кірпіші болып қаланып, мықты мамандар атанған.

Сонымен қатар «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, тәлім берген шәкірттерінің көбісі кейіпкерімізге еліктеп, ұстаздық мәртебелі мамандық иесі атанған. Бүгінде ұстаздың шәкірттері өзіне әріптес атанып, білім беру саласына сүбелі үлес қосуда. Ұстазға бұдан артық бақыт бар ма, сірә?!

Сан жылдарын ұстаздық қызметке арнаған Ақжанар Төлегенқызының білім беру саласындағы жеткен жетістіктері жетерлік. Кәсіби даму мен шәкірт тәрбиелеуді қатар дамыту арқылы кейіпкеріміз көптеген жетістіктерге жеткен.

«Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, Ақжанар Төлегенқызынан тәлім алған шәкірттердің барлығы бүгінде облыс, республика көлемінде бәйгенің алдын бермейтін шын жүйріктер атанған.

Мұғалімнің кәсіби дамуы тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететіндігі сөзсіз. Білім сапасын арттыру үшін мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру қажет. Мұғалім кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыруының арқасында сапалы білім беруге ұмтылады. Сондықтан ұстаз заман талабына сай жан-жақты дамып, білім мен білік дағдыларын молынан меңгеруі керек» - дейді педагог шебер. Осы мақсатта тәжірибелі ұстаз жаңартылған білім беру жүйесіне сай сабақты зерттеу (Lesson study) бойынша терең білім алып, Х.Санбаев атындағы орта мектеп ұстаздарының кәсіби дамуына жол ашқан. Бүгінде аталмыш білім ордасында сабақты зерттеу бойынша бірнеше команда еңбек етіп, айтулы жетістіктерге қол жеткізуде. Кейіпкеріміз қазіргі таңда кез-келген маманға әдістемелік қолдау білдіретін мектеп тренері атанған.

Сонымен қатар, тыңғылықты жұмыстар мен зерттеулердің нәтижесінде Х.Санбаев атындағы орта мектеп аудандағы жетекші мектеп атанса, ал кейіпкеріміз жетекші мектептің координаторы атанған. Кейін облыстық педагог-шеберлердің «Мұз-Арт» қоғамдастығының мүшесі болып, облыс көлемінде білім беру бағытында маңызды шешімдерді қабылдауға бір кісідей атсалысып жүр. Түрлі облыстық семинарлар мен конференцияларда кәсіби шеберлігін танытып жүрген ұстаз 2023 жылы Астана қаласында өткен «Рефлексивті тәжірибеден – тұрақты көшбасшылыққа» І Ұлттық конференцияда спикер болып, республикалық көлемде жоғары баға алған.

Түрлі конференцияларға қатысу арқылы Ақжанар Төлегенқызы жетекші мектепте іске асып жатқан түрлі жұмыс түрлерін саралап, командалық жұмысты бір ізге салған. Соның нәтижесінде алғаш рет аудан мектебінің ұстаздары бүкіл әлем көз тіккен Халықаралық конференцияға жолдама алған.

Кәсіби даму мен шәкірт талабын ұштауда тынымсыз еңбек етіп жүрген Ақжанар Төлегенқызы «ұстаз» деген есімге әбден лайық.

Ж.Нұрбегісқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT