Бүгінде Атырау облысы электр энергиясының көп бөлігін КЕГОК желілері арқылы алады.
Сондай-ақ, Ресейден импортқа тәуелділік бар. Қазір Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік әлеуеті, атап айтқанда, Атырау облысындағы жаңа мұнай-газ жобалары қарқынды дамып келе жатқандықтан, электр энергиясы көбірек талап етілуде. Яғни, алдағы уақытта өндіріс орындары, атап айтқанда, зауыт пен фабрикалар көбейеді деген сөз. Сол кезде электр қуатына деген сұраныс шамадан тыс артуы мүмкін. Ал, су, күн және жел энергиясы оның бәрін толық қамти алмайды. Міне, осы кезде атом электр станциясы көмекке келеді. Өйткені, оның қуаты өте зор, бәріне де жетеді. Сондықтан АЭС құрылысын барынша тездетіп қолға алу керек деп ойлаймын. Сол сияқты, жыл сайын газ тапшылығы да байқалып келеді. Осындай жағдайда газ турбиналарында электр энергиясын өндіру – тиімді жол емес. Себебі, бұл өңірді электрмен жабдықтаудың қымбат көзі болып табылады. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының болашақта елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында АЭС мәселесін көтеруі тегін емес. Атом электр станциясын салу туралы шешім халықтық дауыс беру арқылы қабылданады. Осыған байланысты 6 қазан күні референдум өтетін болып белгіленді. Бұл біздің еліміз үшін өте оңтайлы шешім деп есептеймін.
Арман ДИМҰҚАШЕВ,
«АМӨЗ» ЖШС Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің басшысы