Тәуелсіз күнге тәубеміз бәлкім тұр ақсап,
Дүрліккендердің үніне көрсек, құлақ сап.
Шетінен шыққан күпірлігіңнің кесірі,
Күліңді көкке ұшыра қою бір-ақ сәт!
Аз ба еді, бізге тағдырдың берген сабағы,
Сабақтан алған тәлімім бірақ шамалы.
Аяған болып, айдап салатын біреулер,
"Бүтіндеймін" деп бүлікке бастап барады.
Естідің әне, егілген үнін ананың,
Жарылыстан қорқып, бет алды қашқан баланың.
"Қайғысыз ішкен қара суыңның қадірін,
Біл" деуші ед(і) әжем "басың аманда қарағым!"
Арысты Алла, панаңа ал да сабыр бер!
Алашым сен де, көмек қыл, қолда барын бер.
Бейбіт заманның парқына жетіп қашан да,
Шүкірлігіңнен айнымай, күн кеш, қадірлі ел!
А.Садыков
Сурет: ашық дереккөзден