Бір жерде көгерген дарақ

(0 Votes)

  «Дарақ бір жерде көгереді», - дейді атам қазақ. Мағынасы тереңде жатырған бұл мақал бүгінгі кейіпкерімізге дәлме-дәл келетіндей.

Біз әңгімемізге арқау қылғалы отырған Жұмабек Ищановтың еңбек кітапшасын қараған танымайтын адам бірнеше мекеме ауыстырды деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ өзгергені мекеменің аттары ғана. Ал ағамыз бозбала дәуренінде жұмысқа араласқан жерінен зейнеткерлікке шығып өзіндік рекорд жасаған деп айтуға болады.

Ол 1957 жылдың 11 қаңтарында Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор кентінде дүниеге келді. Сол жердегі Хамит Ерғалиев сабақ берген, Зейнолла Қабдолов тәлім алған №1 Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын 1964 жылы аттады. Бала дәурен зу етіп өте шығып 10 жылдан соң үлкен өмірге қанат қағады. 17 жасар жеткіншек үйдегі үш ұлдың бас көтергені болғандықтан алысқа кетіп ілім қуудың орнына ертерек жұмысқа орналасып әкесі мен анасына көмектесуді жөн көрді. «Іздегенге-сұраған»дегендей Жұмабек Ищанов мектеп бітіргеннен кейін бір жазды да босқа өткізбестен өз ауылындағы «Автомобиль жөндеу зауытына» қызметке тұрады. Алғашында сынақ мерзімінде аз айлықпен жөндеушінің көмекшісі болып, 3 айдан соң автокөлік жөндеу цехының 1 санаттағы жөндеушісі атанады. Одан кейін тек 1982 жылдың аяғындабұрғылау цехына ауысады.

cdac33ea-d46d-4541-a5be-d673d3e1974e

Жаңа жұмысына енді үйренісіп келе жатырғанда кәмелетке толған жігітті әскер қатарына шақырып, 2 жыл Литва Кеңестік Социалистік Республикасында Отан алдындағы борышын өтеп келеді. (Әскердегі өмірі туралы әңгімесі бір мақалаға арқау болардай). Еңбек Кодексіне сәйкес әскерге кеткен адамның қызмет орны сақталатындықтан, 1977 жылы елге оралып жұмысын жалғастыра берді.

«70-80 жылдар деген жалындаған жастық шағымыз еді. Жұмысқа шауып барып, кешкісін де шаршауды білмейтінбіз. Оның үстіне мекемемізде көркемөнерпаздар концерті мен спорттық ойындар жиі өтіп тұратын. Өзім жасым 30-дан асқанша футбол құрамасының сапында болдым», - деп ағамыз ностальгияға ерік берді.

Иә, кім-кімнің бойда қуаты тасыған, көзінде от ойнаған шағын сағынышпен еске алуы заңдылық шығар.Бірақ расымен де ол кез 1944 жылы құрылған зауыттың гүрілдеген шағы еді. Механикалық, тракторлық, демонтаж, жинақтау және тағы да басқа цехтар мен әкімшілік персоналды қосқанда 300-ден астам қызметкері болған. Сондықтан да ағамызда «заман өзгеріп кетеді-ау, «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ының өзіне кіріп алу керек-ау»деген сыңайдағы ой тумаған.

Кейіпкеріміздің еңбек жолы іссапарларымен де қызықты еді. Мысалы, 1985 жылы Әзірбайжан  КСР-ының астанасы Баку қаласына, 1986 жылы Түркіменстан КСР-ындағы қазіргі Балканабад қаласына тәжірибе алмасу мақсатында барған сапарлары биографиясының айшықты сәттеріндейесте қалған. Одан бөлек айналадағы Қошқар, Комсомол, Ботақан, Қарсақ, Сарықамыс кәсіпшіліктері мен «Жайықмұнайгаз» кәсіпорынының өндіріс процесімен танысудың сәті түскен. Сонымен қатар ол жылдары жұмыс орнынан бірнеше айға әскери комиссариатта еңбек етуге жіберетін үрдіс те болған.

Жұмабек Ищанов қажырлы еңбегі үшін «Ең үздік жөндеуші» деген марапат пен «Құрмет грамоталарын»алып, суреті талай жылдар бойы құрмет тақтасында ілулі тұрады.

Әр жылдары «Автомобиль жөндеу зауыты», «Орталық өндірістік қамту базасы», «Доссор өндірістік қамту базасы»деп аталған кәіпорында кейіпкеріміз жұмысқа кіргелі В. Еланский, С. Сағытжанов, Р. Сүлейменов, Ж. Қанатбаев, М. Қилыбаев секілді басшылардың қол астында еңбек етеді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, Жұмабек ағамыз жұмысқа қабылдаған басшысы Василий Еланскийді ерекше қимастықпен еске алады. «Ресейде туып, әуелі Қошқар мұнай кәсіпшілігіне кейін бізге келген басшымыздың парасат пайымы мол азамат еді. Одан басқа цех бастығы А. Константинов, цех шебері Н. Писарев секілді әріптес ағаларымнан үйренгенім көп. Кейін өзіміз де тәлімгерге айналып, тәжірибеден өтуге келген талай студентке білмегенін көрсеттік», - деген ол кішілердің арасында үлкені болғаннан үлкендердің арасында кішісі болған кез қызықты өткендігін айтады.

Аталған мекеме 1999 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ құрамынан шыққан кейін нарық көшіне ілесе алмай құлдырай бастады. Бертін келе жеке меншікке өтіп «Доссормұнаймаш» ЖШСдеп аталды. Белді қызметкерлері зейнетке шығып немесежұмыс ауыстырып санаулы адам ғана жасайтын ұжымға айналды. Өзінің өмірін арнаған кәсіпорынның осындайкүйге жеткендігі кейіпкерімізді қынжылтпай қоймайды.

Жарты ғасырға жуық уақыт бойы тапжылмай бір жерде еңбек еткен Жұмабек Бағытұлы 2020 жылдың қаңтарында 63 жасқа толған бойында 5-санаттағы жөндеуші санатымен зейнетке қалады. «Өзімнің алдымда өмір бойы біздің ұжымда жұмыс жасаған әріптес аға-апаларымның жолы маған үлгі болды. Ал жасым келгеннен кейін біреудің орнын алып, жастармен жағаласып жүргім келген жоқ», - дейді ол.

Біреулерге арман болған зейнеткерліккке аман-есен жеткен ағамыз кететін кезде әдемі кетіп, одан бергі өмірінде бейнетінің зейнетін көріп келеді. Бүгінгі күні өзіне және отбасына бөлетін бос уақыты көбейіп, жары Гүлнәр мен қос ұлының ортасында қарттық шағын өткізуде. Жастарға айтарбасты ақылы – еңбекқор және өз ісіне адал болу.

Қазіргі таңда бас басына бастық болған мекемелер мен жұмысына кірмей жатып көтерілуді көксейтін мамандар көп. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, мүмкін заманның өзі атақпен сыйласып, лауазыммен санасуғаитермелеп тұр. Осындайда ақша мен мансап қумай-ақ өмір бойы қара жұмысшы болғандардың еңбек жолы аңыз секілді болып көрінеді.                                                                                                                              

 

                                                                                                                                             А. Байшуақ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521