Биологиялық қауіпсіздік мәселесі қауіпті биологиялық агенттердің әсерімен байланысты адам денсаулығы мен өміріне нақты қауіп-қатер туғызатындықтан бүкіл әлемдік қауымдастықты қызықтырады. Қазақстан Республикасында қазіргі кезеңінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Биологиялық қауіпсіздік - адамдардың, ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың, өсімдіктердің, қоршаған табиғи ортаның төтенше жағдайдың биологиялық-әлеуметтік көзі туындатқан немесе туындататын қауіптерден қорғалу жай-күйі.
Қазақстан Республикасында биологиялық қауіп төндіруі мүмкін:
- инфекциялық ауруларды тудыруға қабілетті патогенді микроорганизмдердің табиғи резервуарлары;
- биологиялық қауіпті объектілердегі авариялар мен диверсиялар;
- физикалық қорғаудың қажетті деңгейі болмаған кезде аса қауіпті патогендерге, "қосарланған" мақсаттағы білім мен технологияларға қол жеткізу;
- патогендік микроорганизмдерді санкцияланбаған трансшекаралық тасымалдау, экзотикалық инфекциялық аурулар қоздырғыштарын Қазақстан Республикасының аумағына кездейсоқ немесе әдейі әкелу;
- қоздырғыштарды биологиялық қару ретінде кең ауқымды немесе диверсиялық (жасырын) қолдану.
Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасындағы биологиялық қауіпсіздік туралы" 2022 жылғы 21 мамырдағы №122-VII Заңға қол қойды, ол Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін айқындайды және биологиялық қатерлердің алдын алуға бағытталған.
Осы Заңда Қазақстан Республикасының аумағында аса қауіпті жұқпалардың табиғи ошақтарының болуы, шектес елдерден қауіпті инфекциялардың әкеліну қаупі, патогенді биоагенттермен жұмыс істеу кезіндегі талаптар, Төтенше жағдайлар мен терроризм актілері салдарынан жоғары қауіптілік көздеріне әсер ету, биоқауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі сияқты негізгі биологиялық қауіптер бөліп көрсетілген. Бұдан басқа, заң патогендермен жұмыс істейтін объектілердің қызметін лицензиялау мәселелерін реттейді.
Зертханалар өздерінің кәсіби қызметіне байланысты террористік тұрғыдан осал объектілер болып табылады.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің, қолданыстағы нормативтік актілердің талаптарына сәйкес меншік нысанына қарамастан барлық микробиологиялық зертханалардың (бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық) патогендігі I-IV топтағы микроорганизмдермен және гельминттермен микроорганизмдердің жіктелуіне сәйкес жұмыс істеуге рұқсаты болуы тиіс. Қалалар мен аудандардың аумағында орналасқан патогендігі I-IV топтағы микроорганизмдермен және гельминттермен зертханалардың жұмыс істеуге рұқсат беруді Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жанынан құрылған облыстық режимдік комиссиясы жүзеге асырады.
Облыс аумағында 31 мемлекеттік, ведомстволық және жеке зертханалар жұмыс істейді, оларда әртүрлі микроорганизмдермен олардың салыстырмалы қауіптілігін жіктеуге сәйкес диагностикалық жұмыстар жүргізіледі.
Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық басқармалары аса қауіпті инфекциялар қоздырғыштарының айналымына қолайсыз аумақтарды тұрақты эпидемиологиялық қадағалауды, зерделеуді жүргізеді.
Атырау облысы табиғи ресурстарға бай, мұнай, газ өндіру, оны өңдеу, тасымалдау қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі болып табылатындыктан мұнай-химия саласы және аралас өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылуда.
Осыған байланысты шет елдерден жұмыс күші тартылуда. Сондай-ақ облыста шет елдерге шығатын адамдардың саны өсуде. Сондықтан облыс аумағына халықтың көші-қоны кезінде карантиндік және аса қауіпті жұқпалардың әкеліну қаупі жоққа шығарылмайды.
Көп жылдық талдау көрсеткендей, біздің өңірде оба, тырысқақ, құтыру, бруцеллез және басқа да жұқпалар бойынша эпидемиялық ошақтар мен асқынулар бірнеше рет тіркелген.
Табиғи ошақтарда халықтың аурушаңдық қаупін барынша азайту, табиғи ортадан шығатын эпидемия үлгісіндегі биологиялық-әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларға жол бермеу үшін және эпидемиологиялық қадағалау шеңберінде медициналық ұйымдармен, Атырау обаға қарсы күрес станциясымен, ветеринария қызметімен және басқа да қызметтермен бірлесіп ведомствоаралық сипаттағы бірқатар ұйымдастырушылық, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі.
Бірқатар қауіпті жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық қолайсыздығына және көптеген елдерде жаңа аурулардың пайда болуына байланысты биологиялық қауіпсіздік туралы жаңа Заң биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ патогенді биологиялық агенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингілеудің бірыңғай жүйесін құрады.
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті