Махамбет аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен Отбасын қолдау орталығының конференция залында «Пікір алмас» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай өткізіліп, жастардың еңбек жолындағы алғашқы қадамдарына бағыт беру, мамандық таңдаудағы жауапкершілік пен еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындауды мақсат етті.
Жиынға аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, тәжірибелі мамандар және жас қызметкерлер қатысты. Шараның ашылуында жүргізуші, Махамбет ауылының ассистенті Нияз Омархан қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, еңбек адамының қадір-қасиеті мен қоғамдағы маңыздылығын атап өтті. Ол мамандық таңдаудағы жауапкершілік пен өмірлік бағытты дұрыс айқындаудың маңыздылығына тоқталып, кездесудің жастар үшін үлкен тәжірибе алаңы екенін айтты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар «мамандықты дұрыс таңдау», «еңбек жолында кездесетін қиындықтар мен оларды еңсеру тәсілдері» туралы мазмұнды пікір алмасты. Сондай-ақ жастарды мектеп қабырғасынан бастап еңбекке баулу, кәсіби бағыт-бағдар беру және алғашқы жұмыс тәжірибесін қалыптастырудың жолдары сөз болды.
Тәжірибелі мамандар жас буынға өмірден алынған мысалдар келтіре отырып, еңбек жолының басында әр түрлі салада тәжірибе жинаудың маңызын түсіндірді.
– «Өз бағытыңды табу үшін әр салада аз уақыт болса да еңбек етіп көру маңызды. Бұл өмірлік тәжірибе жинап, өзіңнің шынайы қызығушылығыңды анықтауға көмектеседі», – деген пікір айтылды.
Кездесуге қатысқан жас мамандар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың бірі қазіргі таңда мектепте жастар тәжірибесінен өтіп жүргенін айтып, бұл кезеңнің кәсіби тұрғыда өсуге үлкен ықпал еткенін жеткізді. Алдағы уақытта ол Атырау қаласындағы жаңа мектепке жұмысқа орналасатынын мәлімдеді.
Басқа да жас мамандар өз мамандықтарына қызығушылықпен ден қойып, таңдауларының дұрыс болғанына көз жеткізгендерін айтты. Олар әрбір мамандықтың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, еңбек адамының мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ міндеті екенін жеткізді.
Шара барысында командалық ойындар ұйымдастырылып, жастар өз ойларын ортаға салып, еңбек жолында табысты болудың үш негізгі қағидасын айқындады. Бұл ойындар олардың топтық жұмыс жасау, пікір алмасу және ортақ шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Қорытынды сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жексенбай Дүйсенбайұлы еңбек адамының мәртебесін көтеру – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін айтты. Ол жастарды қай салада жүрсе де адал еңбек етіп, қоғам игілігі үшін қызмет етуге шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар осындай дөңгелек үстелдердің жастар үшін тәжірибе мен ақыл-кеңестің көзі екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Мансап орталығының өкілдері алдағы уақытта да жастардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға арналған мазмұнды шараларды жалғастыратынын жеткізді.
Г. СӘДУАҚАС