Атырауда тоғыз теміржол вокзалы жаңғыртылмақ

(0 Votes)

14 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірлерінде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама іске қосылды. Атырау облысында тоғыз теміржол вокзалы жаңғыртылады, оның екеуі – Сағыз бен Доссорда, олар толықтай қайта салынатын болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңарту жұмыстары еліміздің барлық өңірлерін қамтиды және 125 теміржол вокзалын, соның ішінде 21 туристік бағыттағы вокзалдарды қамтиды. Жаңғырту барысында отандық өндірістің материалдарын қолдануға басымдық беріледі, бұл ішкі экономиканың дамуына және жергілікті өндірушілерді қолдауға ықпал етеді.

Атырау облысында жоба облыс әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және Көлік министрлігінің бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, тараптар арасында келісімге қол жеткізілген: негізгі жұмыстар республикалық бюджет есебінен «ҚТЖ» арқылы жүргізілсе, инфрақұрылымдық жаңғыртуды әкімдік жергілікті қаражат есебінен қамтамасыз етеді.

«Қазіргі таңда біз жобалаушылармен және мердігер ұйымдармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әр вокзалдың ерекшелігін ескере отырып, жоспарлар әзірленуде. Сараптама жүргізілгеннен кейін нақты құны анықталатын болады», – деді Нұртаев.

Атырау вокзалы – облыстағы ең ірі вокзал. Бұл вокзал 1972 жылы салынған, жалпы ауданы – 3744,8 шаршы метр. Соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2015 жылы жүргізілген. Күніне бұл вокзал арқылы орта есеппен 1308 жолаушы өтеді.

Облыстағы 18 теміржол вокзалының ішінен бірінші кезекте мына тоғыз вокзал жаңғыртылады: Атырау, Мақат, Исатай, Ганюшкино, Жамансор, Аққыстау, Сағыз, Доссор және Мұқыр.

Жоба аясында вокзал ғимараттары жаңартылып, қасбеті жаңғыртылады, инженерлік және санитарлық желілер ауыстырылады, жарықтандыру және навигация жүйелері жетілдіріледі. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасауға ерекше назар аударылады.

Мүгедектігі бар жандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында пандустар орнатылады, санитарлық тораптар жабдықталады, арнайы демалу бөлмелері жасақталады, арбалар мен көтергіш құрылғылар қарастырылады.

Бұдан бөлек, вокзалдарда халыққа қызмет көрсету мен жағдайды жақсартуға бағытталған негізгі құрал-жабдықтармен жабдықтау көзделген. Атап айтқанда, пойыз қозғалыс кестесі бар ақпараттық тақталар, күту аймақтары, байланыс құрылғылары, аналар мен балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жайлы жиһаз орнатылады.

«Жөндеу жұмыстары тек қасбет пен ішкі бөлмелердің жаңаруын ғана емес, сонымен қатар инженерлік желілердің, санитарлық тораптардың, жарықтандыру мен басқа да элементтердің ауыстырылуын қамтиды. Бұл жолаушылар үшін жайлылық пен қауіпсіздікті арттырады. Өздеріңіз көріп отырғандай, вокзал мен перронның жағдайы қанағаттанарлықсыз және жаңартуды қажет етеді», – деді әкім орынбасары.

Сағыз бен Доссордан басқа жаңа вокзалдар салу жоспарда жоқ.

Аружан Ажимкулова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT