Жыл басынан бері Атырау облысы аумағындағы республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардан 119 кемшілік анықталды.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, филиал инженерлері алты ай ішінде 76 нысанға 201 рет тексеріске шыққан.
«Жергілікті 53 нысанға 115 рет тексеріске шыққан инженерлер 62 ақау анықтады. Оның 25-сі өрескел. 55 ақау әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Жол құрылысына қажетті материалдардан 485 сынама алынды. Оның 159-і талапқа сай емес. Ал, республикалық жолдарға пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 263 сынама алынып, зертханада тексерілді. Нәтижесінде 65 сынаманың ҚР Стандарттарына сай еместігі анықталды», – деді Н.Жантурин.
Сапасыз деп танылған 1116 шаршы метр асфальтбетон жабындысы, 5 текше метр және 259 дана темір бетон конструкциясы қайта ауыстырылды. Сондай-ақ, өткен жылы «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахан бағыты)» автомобиль жолының 553 – 598 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарынан «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Атырау облысы бойынша филилы мамандары анықтаған ақаулар (жол жабындысына битумның шығуы, автомобиль дөңгелегі әсерінен түскен сызат) және биылғы жылы кепілдік мерзімі бойынша анықталған ақаулар (қарақиыршықтастың ұшуы 120 500 шаршы метр) күні бүгінге дейін жойылмады.
Нысан қазіргі кезде кепілдік мерзімінде тұрғандықтан және ауа райының қолайлы кезінде ақауларды толығымен жою үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облысы бойынша филиалына хат жолданды. Егер, көрсетілген кемшіліктер уақытылы жойылмаған жағдайда құзырлы органдарға хабарланады.
Н.Насыр