Мамырдың 4-і күні сағат 11.00 шамасында «102» телефонына қоңырау шалған 1972 жылғы азаматша такси көлігі ішінде қол сөмкесін ұмытып кеткенін айтады.
Хабарламаны қабылдап алған Атырау қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығының бейне бақылау инспекторы полиция аға лейтенанты Назира Молдашева, арызданушының отырған және түскен аумақтары бойынша бейнекамералар арқылы іздестіру жұмыстарын бастайды. Кейін аға лейтенант Назира Молдашева арызданушыға қоңырау шалып, көліктің түсін, маркасын т.б. белгілерін сұрастырғанымен азаматша таксиден түскен уақыты мен орны басқа есіне ешетеңе түсіре алмайды. Н.Молдашева бейнебақылау мониторынан көз алмастан көліктерді тізіп шығып, іздестіреді. Аталған орынға жақын жерде камера жоқ, бірақ сол маңайдан алысту жерлерді «сүзіп» отырып, «ВАЗ-21015» көлігіне тоқтайды. Аға лейтенант дереу сол аймақтағы учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Бауыржан Кабдешовке «такси» болуы мүмкін көліктің мемлекеттік нөмірін айтады. Көп ұзамай полиция майоры Б.Қабдешов аталған көлікті тоқтатып, жүргізушіге мән-жайды түсіндірді. Көлігінің артқы салонында жатқан сөмкені жүргізуші сол кезде ғана байқайды. Бөлімге келген арызданушы сөмкесі ішіндегі құжаттары, ақшасы, басқа да бұйымдарының түгел екеніне қуанып, әрі шапшаң табылуына жұмыстанған полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Атырау облысының Полиция департаменті