Атыраудағы Қарабатан стансасы маңында көлемі 6 гектарды қамтитын көл пайда болды. Оның суреттері мен видеосы әлеуметтік желіде тарай бастады. Экология департаментінің мамандары су қоймасынан сынамалар алып, одан әрі зерттеу үшін зертханаға жіберді. Нәтижесі келесі аптаның басында белгілі болады.
"Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" АЭА ауданында көлдің пайда болу себебін анықтау қажет. Ол үшін сарапшылар судың химиялық құрамын, ондағы ауыр металдар мен басқа қоспалардың бар-жоғын тексеруі тиіс.
Малшы Жайшық Ерғалиев аяқасты пайда болған көлді 24 қарашада байқаған. Бұл аумақта адамдар күніне 300-ден астам жылқы мен 200-ге жуық сиыр айдап, бағады.
"Мына көл бұрын болмаған. Мал бұл жердің суын ішпейді, химиялық заттардың иісі шығады. Менен басқа, ЖЭО каналының бойында мал өсірумен айналысатын 20-дан астам жеке шаруа қожалығы бар. Бізді облыс әкімдігіне шақырды. Су мен электр мәселесін шешуді сұрап жүрсек, енді "химиялық" көл мәселесін де талқылауға тура келіп тұр, өйткені мұнда малдар жайылады", - деді малшы Жайшық Ерғалиев.
Әлеуметтік желіде көл мұнай өндіру кезіндегі сапасыз жұмыстың салдарынан пайда болуы мүмкін деген пікір де айтылады.