19 маусым күні “Жайық” спорт кешенінде өткен аралас жекпе-жектен MFC Халықаралық турнирінде доссорлық спортшылар қарсыластарынан басым түсті.
Муай-тайдан әлем чемпионатының жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ищан Галиев өзінің аралас жекпе-жектен кәсіпқойлар арасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетіп, грузиялық спортшы Гиорги Пошидзені екінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.
Кештің басты жекпе-жегі саналған муай-тайдан бүкіләлемдік ойындардың чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еламан Саясатовтың грузиялық спортшы Нодар Хотенашвилимен кездесуі де сәтті аяқталды.
Еламанның кәсіпқой аралас жекпе-жектегі алғашқы кездесуі жеңіспен аяқталып, ол да қарсыласын екінші раундта нокаутқа жіберді.
“Жекпе-жекке аз уақытта дайындалдым. Өйткені жарақат кесірінен рингке шығып төбелеспегеніме екі жылдай уақыт болып қалды. Қазір Аллаға шүкір денсаулығым жақсы. Алдағы уақытта бапкерлеріммен ақылдасып жоспар құратын боламыз”,- дейді Еламан.
М.Ізтұрғанова