Атырау облысы Атырау қаласына қарасты Жанаталап ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жоба «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қаңтар айында басталған, ал оны 2025 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр. Спорт кешені – заманауи екі қабатты ғимарат, бір уақытта 150 адамға дейін қабылдай алады.
— Мұнда спортпен айналысу мен салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалады. Ішкі кеңістікте ерлер мен әйелдерге арналған жаттығу залдары, күрес және бокс залдары, сондай-ақ баскетбол мен волейбол жаттығуларына арналған әмбебап зал қарастырылған, – деді жоба үйлестірушісі Ануар Есіркепов.
Жалпы өткізу қабілеті – бір ауысымда 135 адам:
• Әмбебап ойын залы – 78 адамға дейін;
• Күрес залы – 17 адамға дейін;
• Бокс залы – 16 адамға дейін;
• Жаттығу залы – 24 адамға дейін.
Ішкі инфрақұрылымнан бөлек, кешеннің айналасын абаттандыру қарастырылған. Аулада жүгіру жолы, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ далада жаттығу құралдары орналасатын болады.
Қазіргі таңда кешен аумағында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жаңа спорт кешені — бұқаралық спортты дамытуға, халық денсаулығын нығайтуға және жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болады.
1993 жылдан бері ТШО Атырау облысында әлеуметтік инфрақұрылымды салу мен жақсартуға бағытталған 120-дан астам жобаға 25 миллион АҚШ долларынан астам қаржы салды. Бұл жобалар «Игілік» сияқты әлеуметтік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылды. Өткен жылы осы бағдарлама аясында Құлсары қаласында 600 орындық мектеп ашылған болатын.