Алматы қаласында өткен бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан КСРО спорт шебері Б.Махмудовтың жүлдесіне арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Азия кубогінде мақаттық спортшы, жерлесіміз Заманбек Бақтығали қола жүлдеге ие болды.
Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің үмітін арқалаған жас спортшы 66 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, халықаралық деңгейдегі додада ел намысын абыроймен қорғады.
Заманбек алғашқы айналымда қырғыз спортшысын, екінші белдесуде әзірбайжандық, ал үшінші белдесуде тәжік спортшысын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Алайда финалға шығар белдесуде қазақстандық қарсыласына есе жіберіп, үшінші орын үшін өткен тартыста өзбекстандық қарсыласынан айқын басым түсті.
«Заманбек – талапты, еңбекқор бала. Бұл тек бастамасы. Ол болашақта бұдан да биік белестерді бағындыра алады. Шеберлікті, үлкен дайындықты, төзімділікті талап ететін бұл жарыста Заманбектің көрсеткен нәтижесі – көп жылғы еңбектің, үздіксіз жаттығудың жемісі», - дейді бапкері Абзал Қапсәлімов.
Ә.ҚАСЫМ