Қазақстандық Анна Данилина аралас жұпта АҚШ ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге жартылай финалда жапониялық Ена Шибахара – хорватиялық Мате Павичпен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-финляндиялық жұп сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта 7:6 (7:2), 6:4 есебімен басым түсті. Олар 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсылас дуэт 3 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
А.Данилина – Х.Хелиоваара финалда америкалықтар Джессика Пегула – Остин Крайчекпен бас жүлдені сарапқа салады. Соңғы бәсеке 9 қыркүйекке белгіленген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің теннистен әлем рекордын орнатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев Түркияда Ыстанбұл жарысының ширек финалына шықты.
Ал Тимофей Скатов Испанияда Михаил Кукушкинді ұтып, ширек финалға өтті.
Жібек Құламбаева Италиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.