Жақында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен «Hangzhou Asian Open 2025» халықаралық турнирінде жерлесіміз Ұлықбек Әбілқайыр керемет нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, 66 келіде күрескен доссорлық дзюдошы қола жүлдені қанжығасына байлап, еліміздің абыройын асқақтатты.
Байрақты бәсекеде 13 елден қатысқан 100-ге жуық спортшы бақ сынады.
Ұлықбек жарыстың алғашқы кезеңінде Тәжікстан спортшысын жеңсе, екінші айналымда Өзбекстан балуанынан басым түсті.
Алайда жартылай финалда Австралия спортшысына есе жіберіп, үшінші орын үшін өткен белдесуде жерлесіміз Қытай балуанын таза жеңіп, ел қоржынына қола жүлдені салды.
Спортшының айтулы жеңісінде бапкері, Доссор балалар жасөспірімдер спорт мектебінің тәжірибелі жаттықтырушысы Азамат Бегеалиевтің де еңбегі зор.
Ұлықбек Әбілқайырдың халықаралық турнирдегі бұл жетістігі – мақсатқа ұмтылған жас спортшының қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Ә.ҚАСЫМ