Жақында дзюдо күресінен 2010-2012 жылы туған кіші жасөспірім ұл-қыздар арасында Атырау облыстық іріктеу чемпионаты өтті. Жарысқа облыс аудандарынан келген 352 спортшы, 26 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Бұл додада аудан спортшылары да табысты өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.
Атап айтсақ, қыздар арасында 36 келі салмақта Кәусар Нұрпейіс пен 48 келі салмақ дәрежесінде Жанерке Аманқұлқызы I орын жүлдегері атанып, алтын медальді қанжығаға байлады. Ал 48 келі салмақта белдескен Фатима Мұхамбетқали ІІ орынды еншілеп, қоржынға күміс медальді салды.
Сондай-ақ, ұлдар арасында +73 салмақта Ерғали Райымбек жарыс жеңімпазы атанса, 42 келі салмақта өнер көрсеткен Мирас Жасұланұлы күміс жүлде, 60 келі салмақта Әділжан Әбіт қола жүлде иегері атанды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша аудан спортшылары үздік бестіктен орын алып, алдағы Қазақстан чемпионатына жолдама иеленді.
Айта кету керек, жас дюздошылардың жеңісінде бапкерлері Абзал Қапсәлімов, Әділет Тынышқалиев және Азамат Бегалиевтің еңбектері орасан зор.
«Бұл жарыс балаларға үлкен тәжірибе берді. Әр спортшы татамиде өзінің қайсарлығын, еңбегін көрсетті. Ең бастысы – оларда жеңіске деген жігер бар. Алдағы Қазақстан чемпионатында да ел намысын абыроймен қорғайды деген сенімдемін», – деді бапкер Абзал Қапсәлімов.
Б.СЕРІК