САРАЙШЫҚ MARATHON – 2025: жаппай жүгіруге 500-ден астам адам қатысты

(0 Votes)

4 мамырда Атырау облысының тарихи мекені – Сарайшық ауылында бұқаралық жүгіру жарысы – Sarayshyq Marathon – 2025 сәтті өтті.

Марафон аясында салауатты өмір салтын насихаттау және тарихи сананы қалыптастыру мақсаты көзделді. Аталған спорттық шараны өңірдегі белсенді жүгірушілер қозғалысы – Run Club Atyrau ұйымдастырды.

Марафонға еліміздің әр өңірінен келген 500-ге жуық қатысушы жиналып, 3, 5 және 10 шақырым қашықтықтар бойынша бақ сынады. «Өлкеңді таны! Өткеніңді біл!» ұранымен өткен марафон – тек спорттық жарыс қана емес, ұлт тарихына құрмет көрсетуге бағытталған мәдени-рухани оқиға болды. Жүгіру бағыты Сарайшықтың тарихи жерлерін қамтыды, бұл қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Шараның ұйымдастырушысы Гаухар Бекетаева марафон жайында былай деп пікір білдірді: «Біздің басты мақсатымыз — адамдарды спортқа ғана емес, туған өлкеміздің тарихына да жақындату. Сарайшық – еліміздің тарихи жауһары. Осы марафон арқылы біз жастарды өткенге құрметпен қарауға, елдік рухты сезінуге шақырдық. Қатысушылардың ықыласы мен белсенділігі бізді жаңа жобаларға шабыттандырады», — деді.

Сондай-ақ марафонға Ақтау қаласынан келген қатысушы, 10 км қашықтықта қыздар арасында 1-орын иеленген Самал Жұмабаева өз әсерімен бөлісті: «Бұл менің жүгіру спорттық жарысына үшінші рет қатысуым. Жолдың бойындағы тарихи атмосфера ерекше шабыт сыйлады. Әрбір қадамым маған күш берді. Осындай игі шаралардың көп болғанын қалаймын. 1-орын алғаныма қуаныштымын», — деді ол.

Жарыс аяқталған соң барлық қатысушылар Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия жасап, көне қаланың тағылымды тарихымен танысты. Бұл қадам марафонның мазмұнын тереңдетіп, оны спорт пен руханиятты біріктіретін кешенді шараға айналдырды. Sarayshyq Marathon – 2025 аясында өткізілген бұл бастама – өңірлік спорт мәдениетін дамытумен қатар, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалардың бірі ретінде жоғары бағалануда.

Ақтілек Базарбаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT