Бұрын қазақ даласында елестету мүмкін болмаған қарттар үйі қазір әрбір ірі қалада бар. Қынжылтатыны, ол жердегі аталар мен әжелердің қатары жылдан жылға еш азаяр емес. Олардың көңілін аулау үшін әртүрлі мекемелер мен волонтерлық ұйымдар арнайы барып тұрады.
Халықаралық қарттар күніне орай аудандық мәдениет үйінің ұжымы да Атырау қаласындағы облыстық №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына сапарлап қайтты. Халықтық театр ұжымы көрермендердің назарына репертуарларындағы Е.Домбаевтың «Біздің кластың қыздары» атты комедиялық қойылымын ұсынды.
Қойылымнан кейін аудандық мәдениет үйінің басшысы К.Төлебаева қарттарды мерекелерімен құттықтап, ұжымының атынан сый-сыяпат табыстады. №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Қ.Исабайқызы мен мәдениет қызметкері Н.Аманкелдіқызы мекемелерінде алғаш рет өнер ұжымы спектакль қойғандығын атап өтті.
Қарттардың өзі де аудандық мәдениет үйі ұжымына ризашылықтарын білдірді.
А. Жұмабекұлы