Доссор кентінің орталық алаңында ауданның 95 жылдық мерейтойына орай «Мұнайлы елім - ертеңім, шұрайлы жерім - желкенім» атты аудан өнерпаздарының ұйымдастыруымен концерт өтті.
Мұнайлы Мақат ауданының кешегісі - ғибратты, бүгінгісі - өнегелі, келешегі келісті.
Туған жерге, Отанға деген ыстық ықыласын білдірген А.Елубаев пен Б.Мұханбетжанов «Отаным - Қазақ елі» әнін арнаса, , А.Абылқасова «Туған жер», «ДосАрт» триосы «Отаным - Қазақстан» әнін шырқады.
Елге деген сүйіспеншілікке толы бағдарлама Б.Арыстанов пен А.Рахимованың орындауындағы «Туған ел» әніне ұласты.
Ал, «Еркем-ай» би тобы қазақтың ұлттық биінен өзге де ұлт өкілдерінің билерін нақышына келтіре биледі.
Мерейтой кешінде «Мөлдір мұнай» халықтық фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Қызыл қайың. Серпер», «Желдірме» күйлерін нақышына келтіріп орындап, халықтың қошеметіне бөленді.
Б.Жалмұханов «Ауылға барам» әні, А.Садуақасова мен А.Сейітованың орындауларындағы әндер көрерменін еріксіз елітіп әкетті.
Осылайша әуелеткен әндер, күмбірлеген күйлер мен әдемі билер көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, шаттыққа бөледі.
Жиналған қауымның көңілінен шыққан тамаша концертті бағдарлама аудан өнерпаздарының «Мақат маршы» әнімен аяқталды.
А.ТАУМҰРЫНОВА
сурет автордікі