Мақатта футбол алаңы салынады

(0 Votes)

Аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында Мақат кентіндегі «Локомотив» ықшам ауданынан ашық футбол алаңын салу бойынша меморандумға отыру үшін жиналысы өтті.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бекәділ Жайкин төрағалық еткен жиынға кент әкімі Ербол Ермағанбетов, «Қазақстан теміржолы, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразғали Ахметбаев, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Атырау магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Елеубай Сапаров және ардагерлер мен теміржолшылар қатысты.

-Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту аясында теміржол кәсіпорындары қызметкерлері мен отбасы мүшелерінің және Мақат кенті тұрғындарының спортпен жаппай шұғылдануы үшін спорттық инфрақұрылым салу болып табылады, - деді Бекәділ Орынбасарұлы.

Бұдан соң сөз алған бірлестік төрағасы Оразғали Ахметбаев таңдаудың Мақатқа түсуінің тектен-тек емесін сөз етті.

-Еліміздің әр өңірінде тоғыз жолдың торабында орналасқан стансалар баршылық. Мақатты халықтың дені теміржол саласында жасайтын ауыл ретінде білеміз. Сондықтан, ел дамуында өзіндік орны бар ордалы мекен Мақатты таңдадық, - деді ол өз сөзінде.

Осындай жан жадыратар сөздерінен соң кент әкімімен екі жақты меморандумға қол қойды.
Кездесуде сөз алған Елеубай Сапаров ауданда қаншама мұнайшылар болса да «Социалистік Еңбек Ері» атанған Латип Шахатовтай теміржолшылар да ел мақтанышы екенін айтып өтті.
Жергілікті тұрғындар атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов алғысын айтып өткен соң, кезек салынатын нысанның таныстырылымына берілді.
Мердігер мекеме «Теміржолжылу-Атырау» ЖШС өкілдерінен білгеніміздей, футбол алаңының аумағы 20х40 болмақ.

«Біз осы уақытқа дейін 4 футбол алаңын тапсырдық. Оны жиналған судың 50 пайызы өзі ағып кететіндей дөңес қылып және футболшылардың бел омыртқасына зиян келмейтіндей көгал төсеп саламыз», - дейді құрылысқа жауапты мамандар.

Жиналысқа қатысушылардың ішінен Мақат кенті әкімдігінің спорт нұсқаушысы Әсима Мендалиева салынатын алаңның сапасына басты назар аударылуы керектігін сұрады.
Ал оны күтіп ұстау мен бүлінбеуін қадағалау жергілікті әкімдіктің мойнында болмақ.


А.Жұмабекұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521