Жыл аяғына дейін елімізде 113 спорттық нысан бой көтереді. Сонымен қатар 20 кешенді қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі мәлімдеді.
Асхат Ораловтың сөзінше, биыл қосымша дене шынықтыруға арналған 6 нысанды жарақтандыру жоспарда бар. Мұнымен қоса еліміздегі барлық спорт мекемесін түгендеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Десе де бұқаралық спортты дамытуда кедергілер жоқ емес. Мәселен, спортпен шұғылданатын азаматтардың 5 түрлі санаты болса, әрқайсысы бойынша бәсеке деңгейі аса дамымаған.
Мәселен, мектеп және студенттік спорт лигаларының жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмай жатыр. Өйткені оған арнайы бюджеттік бағдарлама қарастырылмаған. Ал еңбеккерлер мен зейнеткерлер арасындағы спорттық шаралар мүлде өткізілмейді. Осы ретте құзырлы ведомство биылдан бастап орталық, жергілікті атқарушы билік пен кәсіподақтармен бірлесе осы лигаларды дамытуды қолға алмақ.