Бүгін, 20 қараша күні аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов Астана қаласында өткен дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғап, күміс жүлдегер атанған жерлесіміз Әділет Сапарғалиевты қабылдады.
Кездесу барысында Ербол Қонысбайұлы облыс абыройын асқақтатқан спортшымызды жеңісімен құттықтап, алда талай биік белестерді бағындырарына сенім білдірді. Сондай-ақ ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Әділет Ғалымжанұлы мен бапкері Ерлан Тынышқалиұлын аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапаттады.
Одан бөлек, ұлттық құрама сапына қабылданған Әділетке 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыстап, аудандық мәслихат депутаты Есімхан Табылдыұлы боз кілем шеберіне қазақтың ұлттық шапанын жапты.
Кездесу барысында аудан ардагерлері ауданымыз спорттың қай саласынан болмасын оқ бойы озық келе жатқандығын айтып, ізгі-тілектерін жолдады. Өз кезегінде жеңіске жетелеген балуанның бапкері аудан әкімдігіне өз ризашылығын білдіріп, кездесуге қатысқандар естелік суретке түсті.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі