Әділеттің алтынға бергісіз күмісі

(0 Votes)

Сейсенбі күні ауданымызға Астанадан ақжолтай жаңалық жетті. 

13-15 қараша күндері Елордамызда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген, бабы мен бағы келіскен спорт саңлақтары бас қосқан тартысты додада Атырау облысының намысын ауданымыздың 5 спортшысы қорғады. Соның ішінде 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде болашағынан зор үміт күттіретін жерлесіміз Әділет Сапарғалиев жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ол финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, ақтық белдесуде ғана тәжірибелі дзюдошы Ислам Бозбаевқа есе жіберіп алды. Ендігі ұлттық құрама сапына қабылданған балуанымыз келесі жылы Париж қаласында өтетін олимпиадаға жолдама алып үлгермесе де, Азия, Әлем чемпионаттарында бағын сынайды деген үміт зор. Аудан дзюдосы тарихында алтын әріптермен жазылатын жетістікке қол жеткізген балуанымызды баптаған бапкері — Ерлан Шынтасов.

«Әділет Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 9 жасында келді. Кейін Алматы қаласындағы спорт мектеп-интернаты мен спорт колледжінің түлегі атанды. Бұған дейін ел біріншіліктерінде жасөспірімдер арасында қола, жастар арасында күміс және 23 жасқа дейін алтынға қол жеткізді», — дейді ол өз шәкірті туралы.

Айта кетейік, Мақат дзюдо мектебі облыс бойынша алдыңғы орында. Жерлестеріміз 11 жыл қатарынан әр түрлі жас аралықтарындағы Қазақстан чемпионаттарында 20-дан астам жүлдеге қол жеткізген. Бұл спортшылардың тыңғылықты дайындығының жемісі және жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегінің арқасы екендігі сөзсіз.

А. Жұмабекұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT