Доссорда волейболдан облыстық турнир өтті

(0 Votes)

Жақында Доссор кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың бұқаралығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында волейболдан облыстық турнир өтті. «Спорт сыбайлас жемқорлыққа қарсы!» ұранмен оздырылған турнирді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.

Доп додасында бақтарын сынауға Индер, Жылыой, Қызылқоға, Махамбет, Исатай ауданының командалары мен жергілікті Мақат және Доссор құрамалары қатысты.

Сайыстың ашылу салтанатында алдымен ҚР Мемлекеттік Гимні ойнап, аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов пен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин командаларға сәттілік тіледі. Кейін жергілікті әнші Ақболат Отаубаев «Отан» әнін орындап, қатысушыларға рух сыйлады.

Екі күнгі созылған турнирдің нәтижесінде үшінші орын және 30 000 теңгелік сыйлық Жылыой ауданына, екінші орын және 50 000 теңгелік марапат Махамбет ауданына бұйырса, Мақат ауданының құрамасы қарсылас шақ келтірмей бірінші орын мен 70 000 теңгені жеңіп алды. Доссор кентінің командасы «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен марапатталды. Ал «Үздік ойыншы» атағына Мақат командасының сапындағы Дәрен Тілеков және Махамбет командасында өнер көрсеткен Қуаныш Орынбасар ие болды.

Барлық жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен қатар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполовтың қолынан диплом және естелік медальдармен марапатталды.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT